Жаңалықтар

Оңтүстікте «Балуан тас» экспедициясы жалғасып жатыр

фото: «Балуан тас» академиясы

Шымкент пен Отырар арасындағы мәдени-тарихи нысандарды аралап жүрген «Балуан тас» экспедициясының бірінші күні аяқталды. Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне зиярат етумен Шымкенттен басталған іс-шара Сайрам ауданына жетті.

Экспедиция мүшелері аудандағы бірқатар өндіріс орындарына барды. Оның ішінде «GenGroup Qazaqstan» ЖШС-ның банан плантацияларын аралап, таңсық жеміс дәмін татты.

Мұнан әрмен қарай экспедиция мүшелері сапар барысында Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіп, палуан бабаның қарашаңырағын иеленіп отырған ұрпақтарына барды. Палуанның арбасының бел темірі, ожауы, су құйар ыдысы, сырнайы және шабаданы қызығушылық тудырды.

Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне бас сұғып, мұнда жинақталған 8 Балуан тастың тарихына қанықты. Осы орайда аталмыш музейде жергілікті зиялылар мен спортшылар алдында «Baluan tas» академиясының кезекті бір жобасы – «Күш лекциясы» беріліп, Ұлы даланың күш мәдениеті мен батыр-балуандардың тарихи тізбегі жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл қатарда Түркістан облысының белді жазушылары – Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін «Балуан тас» төселгілері тағылып, «Рухани палуан» атақ-дәрежесі берілді.

«Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда символдық тұрғыда көтеріле береді. Екі ағамыздың атқарған ісі жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен зерттеу институттарына бергісіз. «Ұлылардың бағасын халық бергенімен, сыйын жеке ерлер береді» деген бар. Біздікі соған ишара», – деді мәдени-танымдық жобаның авторы – күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 1 символдық Балуан тас және 8 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді.

Айта кетейік, бұл сапар 21 наурызға дейін жалғасады және әрмен қарай Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында өтеді. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.