
Қазір отандық әуе компанияларының ұшақтарында интернет орнату жұмыстары басталды. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Ең алдымен, интернет жаңадан келетін заманауи әуе кемелеріне орнатылады.
«Биыл елімізге келеді деп жоспарланған Boeing 787 Dreamliner ұшақтары ең бірінші кезекте борттық интернетпен қамтылады. Болжам бойынша, жолаушылар бұл қызметті осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында пайдалана алады», – деді Талғат Ластаев.
Boeing 787 Dreamliner алыс қашықтыққа арналған магистральдық әуе кемесі болғандықтан, ол негізінен халықаралық рейстерді орындайды. Дегенмен, бұл ұшақтар ішкі рейстерге де шығуы мүмкін, сондықтан қазақстандықтар ел ішіндегі сапарлар кезінде де интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Вице-министр айтқан Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарын сатып алу туралы Air Astana былтыр күзде келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде Boeing компаниясынан 7 млрд долларға 18 ұшақ сатып алатын болып келісті. Әуе кемелері осы жылы жеткізілуі керек. Бұл Air Astana тарихындағы ең ірі мәміле деп саналады.