Қытай компаниясы Ақтауда бу-газ қондырғысын салады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Энергетика министрлігі

Қытайдың ірі энергетикалық корпорациясы Ақтауда қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жөнінде келісімге келді. Құжатқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Ақтау энергетика компаниясы» ЖШС-ның басшысы Гэ Личунь қол қойды.

«Ақтау энергетика компаниясы» ЖШС-ның түпкілікті иелерінің бірі Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының бірі China Huadian Corporation. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан және Қытай тарабымен бірлесіп ашылған.

Ал бу-газ қондырғысының жалпы құны – 108 млрд теңге. Оның 70%-ын қытайлық серіктес бөледі. Жобаның өзі келесі жылы маусымда іске қосылуы керек. 300 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Бу-газ қондырғысы – электр энергиясын өндірудің ең тиімді және заманауи тәсілдерінің бірі. Оның негізгі мақсаты – табиғи газды барынша үнемдеп, ең жоғары пайдалы әсер коэффициентімен электр тогын алу.

Қазір Қазақстанда 4 бу-газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын, Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын жобалар салынып жатыр. Ал Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жалпы қуаты 1,1 ГВт, заманауи бу-газ қондырғысы бой көтеріп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз