Жаңалықтар

«Санавиация келмеді»: Атырауда нәресте аурухана табалдырығында шетінеп кетті

Санавиация
«Санавиация келмеді»: Атырауда нәресте аурухана табалдырығында шетінеп кетті / Фото: instagram.com/mchs.kazaviaspas

Атырауда алты айлық нәресте шетінеп кетті. Санавиациямен тасымалдаудан бас тартылған соң, ата-анасы баланы ауруханаға өздері алып келген, деп хабарлайды «Ақ Жайық«.

Оқиға Қызылқоға ауданында болған. Сәбидің жағдайы жоғары температура мен отит салдарынан нашарлаған. Ата-анасының сөзінше, дәрігерлер ұзақ уақыт бойы диагноз қоя алмай, емді дер кезінде тағайындамаған. Баланың жағдайы қиындағанда, ата-анасы оны Атырауға өз беттерімен алып шыққан. Жолға алты сағат уақыт кеткен.

«Бізге нақты диагноз қоя алмады, тиісті ем көрсетілмеді және санавиация бермеді. Нәтижесінде баланы алты сағаттай жолмен әкелдік, ол шетінеп кетті», – дейді нәрестенің туыстары.

Ата-анасы баланың Атыраудағы облыстық аурухананың кіреберісінде жан тапсырғанын айтады.

Қазіргі уақытта бала өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Түпкілікті қорытынды тек сот-медициналық сараптамадан кейін жасалады.

«Бір жасқа дейінгі балалар өлімінің барлық жағдайы міндетті сот-медициналық сараптамадан өтуі тиіс. Оның нәтижесінен кейін тиісті шаралар қабылданады», – деді басқарма басшысы Қайсар Абдалиев.