
2026 жылдың көктемі әлемдік энергетикалық нарық үшін күрделі басталды. Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі мұнай жеткізілімдеріне қауіп төндіріп, соның салдарынан жаһандық бағалар күрт өсті. Әсіресе Ормұз бұғазы маңындағы жағдай ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл бағыт арқылы әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі тасымалданады, сондықтан кез келген қауіп нарыққа бірден әсер етеді.
Соңғы екі аптада мұнай бағасы шамамен 40% өсіп, барреліне 100 доллардан асты. Бұл өзгеріс бензин мен дизель құнының да жаппай қымбаттауына әкелді. Дегенмен әр елдегі жағдай әртүрлі қалыптасты.
АҚШ-та жанармай бағасы айтарлықтай өсті
Қысқа уақыт ішінде бензин 10-20%-ға қымбаттады, ал дизель бағасы одан да жоғары қарқынмен өсті. Соған қарамастан, Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең арзан жанармай нарықтарының бірі болып қала береді. Себебі АҚШ-та мұнай өндірісінің көлемі жоғары және жанармай өндірісіне қатысты салық деңгейі төмен. Дегенмен бағаның өсуі ішкі саясатқа да әсер етуі мүмкін, әсіресе президент Дональд Трамп үшін.
Еуропада жағдай күрделірек
Көптеген Еуропа елдерінде жанармай бағасы 15-20%-ға өсті, ал кейбір мемлекеттерде өсім одан да жоғары. Мысалы, Польшада бензин 30%-дан астам қымбаттаса, Германияда өсім 14-35% аралығында болды. Бұған негізгі себеп – жоғары акциздер. Еуропада жанармай бағасының жартысынан көбі салықтардан тұрады.
Бағаның өсуінен амалсыздан қашқан Еуропа халқы жаңа айла-тәсілдерге көшті. Неміс жүргізушілері арзан жанармай іздеп көрші елдерге ағылды. Соның ішінде Ресейдің Калининград өңіріне баратындар көбейді. Бұл өз кезегінде көрші нарықтарға қосымша қысым түсіріп, бағаның одан әрі өсуіне ықпал етті.
Азияда да өзгерістер байқалады. Қытай жанармай бағасын көтеруге мәжбүр болды, себебі ел импорттық мұнайға тәуелді. Ал Оңтүстік Корея билігі керісінше бағаны шектеу шараларын енгізіп, инфляцияны бақылауда ұстауға тырысуда.
Басқа елдерде де жағдай біркелкі емес
Украинада баға өсімі салыстырмалы түрде баяу – нарық әлемдік өзгерістерге кешігіп жауап береді. Ал Грузияда әзірге баға өзгеріссіз қалып отыр, бұл жеткізілім көздерінің әртараптандырылуымен байланысты.
Сарапшылардың айтуынша, жанармай бағасының өсуі тез, ал төмендеуі баяу жүреді. Себебі мұнай қымбаттаған кезде нарық бірден әрекет етеді, ал арзандаған жағдайда әсері кешігіп жетеді. Бұған өндіріс, тасымалдау және салық сияқты факторлар әсер етеді.
Алдағы уақытта баға динамикасы Таяу Шығыстағы жағдайға тікелей байланысты болмақ. Егер геосаяси тәуекелдер сақталса, жанармай бағасы жоғары деңгейде қала береді. Тіпті жағдай тұрақтанған күннің өзінде, сарапшылар арзандау бірнеше айдан кейін ғана басталуы мүмкін екенін айтады.
Жалпы алғанда қазіргі жағдай жаһандық энергетикалық жүйенің қаншалықты осал екенін көрсетті. Бір аймақтағы қақтығыс бүкіл әлемге әсер етіп, қарапайым тұтынушыға дейін жететін экономикалық салдарға алып келді.
Еске сала кетсек, Таяу Шығыстағы шиеленіс «көгілдір отын» бағасына да бірден әсер еткен. Сұйытылған газ бойынша әлемдегі нөмірі бірінші өндіруші Катар біраз уақытқа тасымалды тоқтатты. Салдарынан Еуропа газ дағдарысына ұшырай жаздады. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының (AERC) басшысы Жаныбек Айғазин Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан Қазақстанда газ бағасы өспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, үкімет қазірдің өзінде жанар-жағармай бағасын ырықтандыруды жоспарлап отыр.