Ұлытаудан Маңғыстауға тікелей пойыз қатынайды

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Жезқазған қаласының теміржол вокзалынан Маңғыстау облысына дейін тікелей жолаушылар пойызы іске қосылады, деп хабарлайды Ұлытау облысының әкімдігі.
Жаңа маршрут туризмді дамытуға, сондай-ақ өңіраралық іскерлік және еңбек байланыстарын нығайтуға бағытталған. Осы мақсатта Қарағанды-Жезқазған бағыты бойынша қатынайтын жолаушылар пойызының бағдары Маңғыстау станциясына дейін ұзартылды.
Енді жолаушылар Жезқазғаннан Маңғыстау өңіріне тікелей жете алады. Жол жүру уақыты шамамен 29 сағатты құрайды. Жиілігі – аптасына 2 рет. Пойыз билеттері сатылымға шығып қойды.
Осыған дейін «Астана-Семей» пойызы Петропавлдағы «ЗИКСТО» зауытында шығарылған жаңа қазақстандық вагондармен толық жабдықталғанын жазған едік. Енді бұл пойызда сейф пен интернет пайда болады.