Жаңалықтар

Жалған құжат үшін жаза: Қызылордада дәрігер мен шенеунік сотталды

Фото: shutterstock

Қызылорда облысында жалған еңбекке жарамсыздық парағын қолданған шенеунік пен оны жасап берген дәрігерге сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық прокуратура ақпарат таратты.

Тексеру барысында Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамалғаны анықталған. Алайда ол бұл жағдайды жасырып, жұмыста болмағанын «заңдастыру» үшін басшылыққа жалған еңбекке жарамсыздық парағын өткізген.

«Кейін тергеу барысында құжаттың қолдан жасалғаны белгілі болды. Оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындап бергені анықталған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, іс сотқа жолданды», – деп хабарлайды облыс прокуратурасы.

Сот үкімімен дәрігер жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасын алды. Ал бөлім басшысы жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.