Қоғам

Жетісуда әкесін ұрған екі жігіт қамауға алынды

Қылмыстық іс қозғалды/фото: shutterstock

Жетісу облысында әкесін ұрған екі жігіт үш ай арнайы бақылауда болады. Олар осы аралықта әкесіне жақындамауы қажет. Бұл туралы Жетісу облысы полициясы хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 62 жастағы ер адамның көмек сұраған видеосы тарады. Ақсу ауданының тұрғыны екі ұлынан зәбір көріп отырғанын айтқан.

Полицияның хабарлауынша, ер адам 2026 жылдың 12 ақпанында арызданған. Содан кейін  ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу барысында құқыққа қайшы әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау түріндегі жаза тағайындалды.

Істі қарау барысында сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды», – делінген ақпаратта.

Қазір екі ер адам қамауда отыр. Бостандыққа шыққаннан кейін екеуі де профилактикалық есепке алынады.