
Әз-Наурызға орай қатарынан бес күн демаламыз. Демек осы сәтті пайдаланып, еліміздің ең ыстық аймағына аттануға кеңес береміз. Басқа облыстарда қар біртіндеп еріп, күн көзі енді жылынып жатса, Түркістанда әжептәуір жаймашуақ күндерге куә боласыз. Наурыз қарсаңында Түркістанға жолға шығуды жоспарласаңыз, Kursiv Media тілшісінің пайдалы гайдымен танысыңыз.
Түркістанға қалай жетеміз?

Автобус және такси
Түркістанға еліміздің қай өңірінен болсын жете аласыз. Қалауыңызға қарай көлік түрін таңдап алыңыз. Қалалар арасында қатынайтын такси, автобустардан бастап, пойыз және ұшақпен де жетуге болады. Егер таксимен барғыңыз келсе, InDrive қолданбасы ыңғайлырақ. Өзіңіз баға ұсынып, жүргізушімен мәмілеге келесіз. Ал қалааралық Yandex әзірге Түркістанға қатынамайды. Алматыдан шығатын болсаңыз, Сайраннан Алматы-Қызылорда бағытындағы автобусқа отырасыз. Күнделікті қатынайды, шамамен 14 сағаттай жүреді. Билет бағасы – 7305 теңге. Айтар кеңесіміз: автобус билетін сайттан онлайн алып алыңыз, әйтпесе кассада бітіп қалуы мүмкін.
Пойыз
Пойызға келсек, еліміздің бірқатар өңірін жалғап жатқан теміржолдар арқылы Түркістан станциясынан топ етіп түсіп қалуға болады. Мысалы Алматы-Маңғыстау, Семей-Қызылорда, Алматы-Ақтөбе, Алматы-Атырау, Алматы-Саратов пойыздарына мінсеңіз, бұлардың бәрі Түркістан арқылы өтеді. Билет құны пойыздың санаты, жолдың ұзақтығы һәм шақырымына қарай әр түрлі. Айталық, Алматыдан мінсеңіз, ең арзан пойыздарда плацкарт – 8926 теңге, купе 13023 теңгеден басталады. Ал еліміздің орталық, солтүстік аймақтарындағылар Петропавл-Қызылорда, Көкшетау-Қызылорда, Павлодар-Түркістан сынды пойыздармен жете алады. Астанадан шыққан жолаушы діттеген жеріне плацкартқа – 12-13 мың теңгеге, купеге 19-20 мың теңгеге билет алса болады. Наурыз қарсаңында студенттердің үйге қайтатын, көпшіліктің ресми демалыста болатынын ескерсек, бұл кезде пойызға билет табу мұң болады. Сұраныс артқанда кейде қосымша вагондар жалғайды. Сондықтан егер пойызға билет қарап жүрсеңіз, мобайл қолданбада «билет шыққанда хабарлама жіберу» деген функцияны қосып қойған абзал. Кішігірім лайфхак: егер Түркістанның өзіне билет табылмаса, көрші станцияларды да бір қарап қойыңыз. Шымкент, Арыс, Жаңақорған, Шиелі станцияларынан түсіп қалып, Түркістанға таксимен жетіп алуға да болады. Арасы алшақ емес.
Ұшақ

Мерекені Түркістанда өткізгісі келген адам шамасы келсе ұшаққа билетті ерте бастан брондап қойғаны жақсы. Өйткені күні таяғанда билет құны аспандап кетеді. Материал әзірленіп жатқан кезде 22 наурызға Алматы-Түркістан, бір бағытқа FlyArystan әуекомпаниясының 36 мың теңгеден ең соңғы қалған билеттер сатылып жатты. Астанадан наурыз мерекесі кезінде тіке рейс жоқ – бүкілі Алматы арқылы. Бір бағытқа 55 мың теңгеге жуық. Пойызға қатысты лайфхакты ұшаққа да қатысты қолдануға болады. Шымкент немесе Қызылорда әуежайларын таңдап, билет қарап көріңіз.
Тұратын жерді қалай табамыз
Түркістанда қалтаңыздың қалыңдығына қарай қонақүйдің сан түрі табылады. Егер сіз барынша үнемдеп саяхаттағыңыз келсе, онда ортақ бөлмелерді тәулігіне 4 мың теңгеге жалдай аласыз. Бір нөмірде екі төсек болады, соның бірін өзіңіз иемденесіз. Құны орташа қонақүй керек болса, ішінде таңғы ас кіретін ZamZam Hotel (30 мың теңге), Khan Palace 2 (22 мың теңге) сынды нұсқаларды қарастырсаңыз болады. Ал енді комфортқа мән беріп, локациясы да ыңғайлы болсын десеңіз, бес жұлдызды Karavansaray Turkistan-да бір түнге бір адамға 154 мың теңге, Rixos Turkistan-да жатқыңыз келсе – 90 мың теңге. Одан бөлек, пәтер жалдайтын сервистер арқылы да үй жалдауға болады. Пәтер құны 10 мың теңгеден жоғары өсе береді. Орналасқан жері ыңғайлы, іші әдемі, кең, 2-3 пәтерлерді шамамен 25-30 мыңға таба аласыз. Бірнеше адам болып жолға шыққанда ең ыңғайлы нұсқа – пәтер жалдау. Бірігіп төлеуге де жақсы, ас бөлмесінде тамақ істегенге де қолайлы.
Қай жерлерде қыдыруға болады?

«Керуен-сарай»
Түркістанға ат басын бұрғандар осы кешенге бармай кетуі мүмкін емес. «Керуен-сарай» – Түркістанның маңында орналасқан туристер кешені. Нағыз шығыс стилінде салынған сәулеті көз тартады. Заманауи ойын-сауық нысандары да аз емес. Сондықтан туристер бұл жерде көптеп жүреді. Тіпті сырттан келгендер ғана емес, жергілікті тұрғындар да осы жаққа келіп демалғанды құп көреді. Таңертеңгі 9-дан бастап, түн жарымға дейін ашық. Кешеннің ортасынан ағып өтіп жатқан каналдың үстінде қайықтар жүзеді. Қазақтың Венециясы деп сипаттайтыны да сол себепті. Кешке қарай «Керуен-сарайда» «Қыз Жібек» шоуы өтіп тұрады. Билейтін фонтан, актерлердің шоуы жан баласын бей-жай қалдырмасы анық. Қойылым күн сайын кешкі сегіз шамасында болады. Бастысы, ертерек барып, өзіңізге орын алып алыңыз. Әйтпесе, адам қарасы көбейгенде ине шаншыр орын қалмай қалады.
«Алтын самұрық» ұшатын театры

ALTYN Samuryq ұшатын театры – Орталық Азияда теңдесі жоқ эксклюзив жоба. Бұл кешенде тарихи музей бар. Оған қоса мультимедиялық экскурсия жасауға болады. Қазақстан тарихына мұражай мен мультимедиялық экскурсияны қамтиды. Karavansaray Harbor Hotel және Karavansaray Family Hotel қонақтары театрға тегін кіре алады. 12:00 мен 20:00 аралығында істейді. Ересектерге – 7800 теңге, балаларға – 6300 теңге. 8D театрға кіріп, Қазақстанның қасиетті жерлерін ұшарбиіктен көріп, тамсанасыз.
«Ұлы дала елі» орталығы
Жәдігерлерді ұстап көруге рұқсат беретін интерактив музей. Орталық тоғыз павильоннан тұрады. Тарихи кезеңдерден сыр шертетін, заманауи Қазақстанның келбетін көрсететін жер. Көшпенділер өмірін сезініп көрмекке VR-көзілдірік тағып көре аласыз. Таңертең 9-да ашылады. 17:40-қа дейін жұмыс істейді. Кіру үшін – адам басына 1800 теңге.
Этноауыл
Бұл ұлттық-мәдени кешенде дәстүрлі қазақ жұртының тұрмысына реконструкция жасалған десек болады. Себебі байырғы қазақтың тұрмыс-тіршілігін көре аласыз. Оған қоса, мәдениет пен салт-дәстүрді тереңірек білгіңіз келсе, шеберлік сағаттарына қатыссаңыз болады.
Амфитеатр

Түркістанда кейінгі жылдары бой көтерген кешендердің бірі. Заманауи сәулет нысаны 1000 адамға есептелген. Қала инфрақұрылымының маңызды бөлшегі саналады. Түрлі іс-шара өткізуге арнап салынған. Наурызда да осы жерде неше түрлі концерт өтеді. Түркістандағы дүркіреген фестивальдер мен концерттер де осы жерде болады.
Қай жерде тамақтануға болады?
Түркістанда асты дәмі таңдайдан кетпейтіндей етіп пісіреді. Сондықтан самса сататын дүңгіршектен самса жесеңіз де, атақты мейрамханалардан астансаңыз да таңдаудан жаңыла қоймайсыз. Әсіресе, «Яссауи» кафесі, Astau, Wow Plov, Sandyq мейрамханаларына баруға кеңес береміз. Ұлттық тағамдардан дәм татып, түркістандықтардан қонақжайлығын сезінесіз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Өзбекстанға Қазақстаннан қалай баруға болатыны туралы жазған едік.