
Қазақстанда 2025 жылы автонесиелер көлемі алғаш рет ипотекамен теңесті. Автонесие сомасы 29,8%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл деректер Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауында көрсетілген.
Неге қазақстандықтар автонесиеге жиі жүгінеді
Автонесиелердің жоғары қарқынмен өсуіне бірнеше себеп бар. Бір жағынан, елде автопаркті жаңартуға деген сұраныс жоғары. Ескі көліктер тозып жатыр, ал жаңа және тіпті қолданыста болған автокөліктердің бағасы да қымбат.
Екінші жағынан, банктер мен автодилерлер бірлескен бағдарламалар, түрлі акциялар және уақытша төмендетілген тиімді мөлшерлемелер арқылы нарықты белсенді түрде ынталандырып отыр.
Жоғары несиелік белсенділік аясында автонесиелеу бөлшек нарық құрылымындағы өз үлесін айтарлықтай күшейтті. Жыл қорытындысы бойынша жаңа берілген несиелердегі оның үлесі 9,4%-дан 13,2%-ға дейін, ал бөлшек несиелер портфеліндегі үлесі 13,7%-дан 16,2%-ға дейін өсті.
Несиенің өсуіне мына факторлар да әсер етті:
- көлік сатып алуға қатысты кейінге қалдырылған сұраныс
- кредиттік өнімдердің кеңеюі
- жұмыспен қамтудың артуы және жалақының өсуі
- мөлшерлемелерді төмендететін уақытша маркетингтік акциялар
- қарыз жүктемесін есептеудегі жеңілдетулер
Осы факторлардың аясында автонесиелер қазақстандықтардың қаржылық құрылымында барған сайын маңызды орын ала бастады. Оcылайша, жаңа берілген несиенің үлесі бір жылда 9,4%-дан 13,2%-ға дейін өсті, ал бөлшек несиелердің жалпы портфелінде 13,7%-дан 16,2%-ға дейін артты.
Сонымен қатар несиеге сатып алынған автокөліктердің үлесі айтарлықтай артты. Жыл ішінде бұл көрсеткіш тіркелген көліктер санының 53–80%-ына дейін жетті.
«Бұл жағдай нарықта несиелік қаржыландырудың жоғары рөл атқаратынын көрсетеді және сұраныстың өзгергенін білдіреді. Яғни автомобиль бүгінде тек тұтыну тауары ғана емес, сонымен қатар табыс көзі ретінде де қарастырыла бастады», – деп атап өтті сарапшылар.
Көлікті негізінен қажеттілік үшін алады
Қазақстанда автокөлік барған сайын сән-салтанат емес, қажеттілік әрі тіпті табыс көзі ретінде қарастырыла бастады. Біреулер жұмысына тез жету үшін алса, енді біреулер үшін қосымша табыс табу құралы болып отыр. Көбіне азаматтар жеткізу қызметі, таксиде жүріп отбасын асырап отыр. Осы себепті автонесиелеу аса маңызды сегментке айналып отыр, азаматтар көбіне басқа жол болмағандықтан несиеге жүгінеді.
«Автонесиелер портфелінің көлемі бірден 42%-ға өсті, ал мерзімі өткен берешектің үлесі сәл төмендеп, 2,8%-дан 2,7%-ға дейін азайды. Бұл бөлшек нарықтағы орташа деңгейден төмен, онда бұл көрсеткіш 4,0%-ды құрайды», – деп мәлімдеді қауымдастық өкілдері.
Арзан несиелер дәуірі аяқталды
2025 жылдың екінші жартысында жағдай өзгере бастады. Бұрын нарықты акциялар мен тиімді шарттар жоғары сұраныс қалыптастырса, кейін автонесиелер бойынша мөлшерлемелер өсе бастады.
«Олар 14,6%-дан 22,9%-ға дейін көтерілді. Қарыз алушы үшін бұл мүлде басқа деңгейдегі жүктеме», – деп атап өтеді сарапшылар.
Ақша қымбаттап, маркетингтік бағдарламалар аяқталғаннан кейін жаңа несиелер беру қарқыны бәсеңдей бастады. Тек төртінші тоқсанда бұл көрсеткіш 11,6%-ға төмендеді. Бұрын қарқынды дамыған нарық енді жоғары мөлшерлемелерге, қымбат көліктерге және халықтың төлем қабілеті төмен болғандықтан баяулай бастады.
Еімізде автокөлік өндірісінің артуы, сегмент үшін қосымша оң фактор болды. 2025 жылы өндіріс 18%-ға өсіп, 171,4 мың бірлікті құрады (өткен жылы– 145,3 мың). Алайда бұл да ішкі сұранысты толық жабуға әлі жеткіліксіз. Сондықтан импорттық көліктер нарықта әлі де маңызды рөл атқарып отыр.
Нәтижесінде автонесие бөлшек несиелеудің ең ірі сегменттерінің біріне айналып, көлемі бойынша ипотекалық нарықпен теңесті. Алайда сарапшылар алдағы уақытта қарқынды өсім баяулауы мүмкін деп болжайды.
«Енді жағдай бұрынғыдай акциялар мен төмен базалық әсерге емес, керісінше халық табысы, қарыз алу құны, көлік бағасы және жалпы экономикалық ахуал сияқты негізгі факторларға көбірек тәуелді болады», – деп түсіндірді сарапшылар.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Қазақстанда жеке тұлғалар үшін автокөлікті кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу (автолизинг) бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. Алайда үш ай өтсе де, нарықта бірен-саран келісімшарт жасалған. Яғни, қазақстандықтар автолизингпен көлік алуға қызықпады.