
Наурыз мейрамының онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні ретінде белгіленген. Бұл күн ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттайтын ерекше сәт. Биыл Алматы қаласы осы айтулы күнді кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.
Қаланың түкпір-түкпірінде сағат 10:00-де басталатын спорттық додалар мегаполис тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйламақ.
Басты спорттық алаңдар мен іс-шаралар
- Тұңғыш Президент саябағы: Мұнда «Спорт – достық алаңы» атты ауқымды іс-шара бастау алады. Бұл алаң спорт сүйер қауымның бас қосар орталығына айналмақ.
- Гүлдер саябағы: Ұрпақтар сабақтастығын паш ететін ерекше жарыс өтеді. Мектеп оқушылары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері ұлттық спорт түрлерінен өзара бақ сынасады.
- «Астана» алаңы: Қазақтың төл өнері – қазақ күресінен қалалық турнир өтіп, боз кілемде нағыз білек күші мен әдіс-тәсіл салмақтанбақ.
- Ұлттық және ат спорты түрлері клубы: Зияткерлік ойынды жаны сүйетіндер үшін тоғызқұмалақтан ашық қалалық турнир ұйымдастырылады.
Бұқаралық спорт және инклюзия
Мереке қаланың шеткі аудандарында да белсенді өтеді. «Айнабұлақ» және «Кемел» дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде бұқаралық спорттық ойындар ұйымдастырылып, салауаттылыққа шақырады.
Сонымен қатар, сағат 11:00-де Атлеттер ауылында спорттық ойындар жалғасын табады.
Ерекше атап өтерлігі, Орталық мәдениет және демалыс саябағында сағат 11:00-де мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұлттық ойындардан сайыс өтеді.
Қатысушылар: асық ату, тымақ ұру, ләңгі тебу, гір тасын көтеру бойынша күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін 21-23 наурыз аралығында Алматыда өтетін мерекелік бағдарламаны жазған едік.