Жаңалықтар

«7 жыл – ұзақ мерзім»: Құспан мас күйде көлік жүргізгендер жазасын жеңілдетуді ұсынды

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Мәжілісмен Абзал Құспан мас немесе қызу күйде көлікке отырып, сол үшін жазаланған азаматтар рақымшылыққа ілінуі керек деп санайды.

Депутаттың сөзінше, рақымшылық жасау тетіктерінің қазір ешқандай тұжырымдамасы жоқ.

«Біз күн сайын шағымы бар азаматтардың қабылдаймыз. Шағымы ең көп нөпірі – жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар, туысқандары, ағайындары. Біз нені жоғалттық? Бізге тек азаматтар емес, автопарктер қауымдастығы да шығып жатыр. Олар бізде қазір автобус жүргізетін азаматтар жоқ дейді. Ал ол жерде автобус жүргізу үшін Д санаты керек. Д санатынан бөлек, қызмет өтілі керек. Сондықтан бұл бір жағынан экономикалық мәселе болып тұр», – дейді Абзал Құспан.

Мәжілісменнің айтуынша, мас күйде ұсталған азаматтар жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру – өте ұзақ мерзім. Одан бөлек, бұл заң ІІМ айтқандай нақты нәтижеге әкелмеген.

Абзал Құспан заң күшіне енгелі жол-көлік оқиғалары азайып кеткен жоқ деп есептейді. Оған қоса мастықтың ең төменгі шегі деген бар. Бұрын мастықты өлшейтін 0,2 промиллені алып тастаған. Яғни осы шектен асса ғана жауапқа тартатын.

«Қазір 0,2 промиллені ашыған компот немесе қымыздан да таба аласыз. Қазір жауапқа тартылып жатқан азаматтардың бәрі араққа сылқия тойып, көшеде көлік жүргізіп жүр дегенді білдірмейді. Бізде қате түсінік қалыптасқан», – дейді депутат.

Абзал Құспан жалпы мас күйде көлік жүргізіп ұсталғандарды жүргізуші куәлігінен 7 жылға емес, 3 жылға ғана айыру керек деп санайды.