Жаңалықтар

Әлия Назарбаевамен байланысы бар делінген «Оператор РОП» атауы өзгереді

Мұндай шешімді «Жасыл даму» қабылдады/фото: shutterstock

«Оператор РОП» ЖШС атауын Green Development деп өзгертіп, акционерлік қоғам болады. Мұндай шешімді кейінгі екі жылдан бері операторға иелік етіп отырған «Жасыл даму» компаниясы қабылдады. Бұл туралы компанияның корпоративтік деректерінде көрсетілген.

Өзгерістерден кейін де «Жасыл даму» «Оператор РОП-тың» жалғыз акционері болып қала беретіні айтылған.

ЖШС-дан АҚ-ға ауысу Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қайта құруға келісім бергеннен кейін жүзеге асады.

Қайта ұйымдастыру кезінде «Оператор РОП» жаңа функция немесе қызметке ие болатын-болмайтыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, елде утильалым жинау ісімен бірнеше жыл Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның бизнесімен байланысты жеке «Оператор РОП» айналысып келді.

2022 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша утильалымды әкімшілендіру қызметі «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясына берілді. Бұл компания қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратуға маманданған.

«Оператор РОП» ісі

2023 жылы Астанада «Оператор РОП» ісі бойынша сот үкімі шықты. 3 шілдеде қылмыстық іс бойынша 4 адамға үкім шықты. Соған сәйкес бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде «Оператор РОП» ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотта «Оператор РОП» ЖШС үш басшысының 2016 жылдан бастап кезекпен экология вице-министрінің қолдауымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды.