Lifestyle

Актер Асқар Жұмабек қызға қол көтермек болды (видео)

фото: instagram

Желіде белгілі актер Асқар Жұмабектің қатысуымен кезекті дау туындады. Бұл жолы Айнұр Нарзиева (nai_ainura) есімді модель Threads әлеуметтік желісінде актердің физикалық күш көрсетпек болғаны туралы мәлімдеме жасады.

Айнұрдың айтуынша, 20 наурызда таңғы уақытта болған. Сол күні сағат 10:00-ге түсірілім жоспарланған. Актер бұған дейін бірнеше рет жұмысқа кешігіп немесе мүлдем келмей, түсірілімді үзіп келгендіктен, өзі Айнұрдан таңертең оятуды өтінген.

Сағат 08:30-дан бастап Айнұр актерге қоңырау шалып оятуға тырысқан. 09:18-де қайта хабарласып, оның ұйықтап қалмағанына көз жеткізген. Сағат 09:55-те Асқар Жұмабек түсірілім алаңына келіп, Айнұрға «тым ерте ояттың» деп агрессивті түрде наразылық білдіре бастаған.

Қақтығыстың өршуі

Айнұрдың «Бастамаңызшы, Асқар, ұйықтап қаласыз ба деп қорықтым, бірінші рет емес қой» деген жауабы актердің ашуын туғызған. Жәбірленушінің сөзінше, ауызша ерегіс тез арада физикалық қоқан-лоқыға ұласқан.

«Бұл сөйлем оның қатты ашуын тудырды… Ол маған физикалық шабуыл жасауға оқталды. Қасымда видеограф әріптесім болмағанда, жағдай қалай аяқталары белгісіз еді. Ол тек балағат сөздер айтып қоймай, қол көтермек болды», – деп жазды Айнұр.

«Кәсіби этиканың жоқтығы»

Айнұр Нарзиева актердің әрекетін кәсібилікке жатпайтынын және оның команданың басқа мүшелеріне де осындай дөрекі мінез көрсеткенін айтты.

«Мен өз абыройым мен намысымды қорғағым келеді!» – деп түйіндеді ол сөзін.

https://kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/03/whatsapp-video-2026-03-20-at-18.16.21.mp4

Kursiv Media актердің менеджеріне сауал жолдады. Әзірге Асқар Жұмабек тарапынан айыптауға қатысты ресми жауап берілген жоқ.