Алатау қаласында шетелдік инвесторларға жер жалға беріледі

Алатау қаласында жер шетелдік инвесторларға тек нақты инвестициалық жобаларды іске асыру үшін беріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.
«Жер учаскелері тек нақты инвестициалық жобаларды іске асыру үшін және бизнес лицензия үшін жалға немесе басқа жолмен беріледі. Оның белгіленген уақыты болады. Егер екі жыл ішінде сол жерде зауыт, фабрика, қонақүй салмаса, айыппұл салынады. Тағы 1-2 жылда даму болмаса, жер қайтарылады», – деді Қанат Бозымбаев.
Одан бөлек Қазақстан азаматтары да жерді жалға алуға құқылы.
Айта кетейік, парламентте Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр. Соған сәйкес, қала бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.