
АҚШ-тың Әсем өнер комиссиясы елдің 250 жылдығына орай президент бейнеленген 24 караттық алтын естелік монета шығаруды қолдап дауыс берді.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, монетаның дизайнында Дональд Трамп Овал кабинетіндегі бейнесі бар. Ал бір жағында 1776, екінші жағында 2026 сандары жазылады.
АҚШ қазынашысы Брэндон Бич бұл монетаны «әдемі естелік алтын монета» деп атады. Оның айтуынша, елдің 250 жылдығы жақындап келеді. Бұл монеталар АҚШ-тың рухы мен демократиясын бейнелейді.
2020 жылғы коллекциялық монеталарды қайта жобалау туралы заңға сәйкес, Қаржы министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жыл ішінде АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығын бейнелейтін 1 долларлық монеталарды шығара алады.
Бұған дейін демократ сенаторлар Трамп бейнеленген долларлық монеталарды шығаруға қарсы болғаны хабарланған.
Мұның алдында Трамп Тоқаевты Майамиге саммитке шақырған болатын.