Жаңалықтар

Британия қазақ мұнай транзиті үшін «Транснефть» санкциясын уақытша тоқтатты

Транснефть
Фото: westernsiberia.transneft.ru

Ұлыбритания «Транснефть» арқылы өтетін қазақ мұнайын саудалауға рұқсат беріп, ресейлік компанияға салған санкцияны уақытша алып тастады. Бұл туралы Қаржылық санкцияларды іске асыру басқармасынан хабарлап, арнайы лицензия берді.

Ведомство жариялаған құжатқа сәйкес, «Транснефть» және оның еншілес компаниялары қазақ мұнайын сатып алып, тасымалдап, жеткізе алады. Ресей аумағы арқылы транзиттеуге де болады. «Транснефть» компаниясына және британдық қаржы ұйымдарына мұнайы саудасына байланысты төлем операцияларына да рұқсат берілді.

Бірақ ескеретін маңызды дүние бар. Мұнай тек қазақстандық болуы керек және Ресейге қатысы бар тұлғалармен байланысты болмауы тиіс.

Лицензияға сай, барлық қатысушылар мәміле бойынша толық есеп жасап, оны кемінде алты жыл сақтауы керек.

Ұлыбританияның Қаржылық санкцияларды іске асыру басқармасы тек осы лицензия аясында ғана уақытша шектеу алынып тасталғанын, Ресейге қарсы басқа санкциялар күшінде қала беретінін ескертеді.

Уақытша шектеу қай уақытқа дейін

Лицензия осы жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енді және 2028 жылдың 18 наурызына дейін сақталады. Дегенмен Ұлыбритания билігінің кез келген уақытта құжаттың күшін жоюға не өзгертуге құқығы бар.

«Транснефть» – Ресей экспортының 80%-ын тасымалдайтын мұнай компаниясы. Осы жылы ақпанда Ұлыбритания 300-ге жуық ресейлік компанияға санкция салды, оның ішінде «Транснефть» те болды.

Бұл компанияның қазақ мұнайы үшін де маңызы зор. Шикізатты Еуропаға экспорттаудағы негізгі серіктестің бірі деп саналады.