Экспорт тұралап тұр: Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда тапшылығы 10 есе өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қытаймен сауда тапшылығы 10 есе өскен / Фото: shutterstock

2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық $34,1 млрд көрсеткішке жетіп, еліміздің жалпы сыртқы саудасының 23,7%-ын құрады. Алайда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының жазуынша, бұл жетістіктің көлеңкелі тұсы бар: екі ел арасындағы сауда теңгерімсіздігі күрт асқынып, дефицит бір жылда 10 есе (370 мың доллардан 3,7 млрд долларға дейін) өсті. Бұл Қазақстан экономикасының Қытайдан келетін дайын өнімдерге тәуелділігі артып жатқанын айқын көрсетеді.

Импорт шарықтап барады

Сауда айналымының өсімі негізінен Қытайдан келетін импорт есебінен қалыптасты. Импорт көлемі 23,6%-ға артып, $18,9 млрд болды. Бұл көрсеткіш елімізге сырттан келетін барлық тауардың үштен біріне жуығын (29,2%) құрап отыр.

Ең үлкен сұраныс көлік құралдарына (+$3,4 млрд), металдар мен химиялық өнімдерге тиесілі. Мұндай үрдіс Қазақстандағы инвестициялық белсенділіктің, инфрақұрылымдық жобалардың және тұтынушылық сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

Сонымен қатар, Қытай тауарларының арзандығы мен көрші елдегі төмен инфляция Қазақстандағы бағаның өсуін тежеуге көмектесетін маңызды факторға айналды.

Экспорт тоқырап тұр

Импортпен салыстырғанда, Қазақстанның Қытайға экспорты өте баяу, небәрі 2,1%-ға ($15,2 млрд-қа дейін) ғана өсті. Экспорт құрылымында ауыл шаруашылығы мен химия өнімдерінің үлесі сәл артқанымен, негізгі бағыттар: металл (-$605 млн) мен минералды өнімдер (-$112 млн) саудасы төмендеп кетті.

Бұл Қытай өнеркәсібіндегі сұраныстың салқындауымен және әлемдік шикізат бағасының төмендеуімен байланысты. Нәтижесінде, Қазақстан шикізат жеткізуші ретінде өз орнын жоғалтпаса да, дайын өнім импортының қарқынына ілесе алмай отыр.

Сауда қатынастарының тереңдеуі валюталық құрылымға да әсер етті. Қазақстандық компаниялар транзакциялық шығындарды азайту үшін юаньға көбірек көше бастады. KASE биржасында «юань-теңге» жұбы бойынша сауда көлемінің 240%-ға өсуі – соның дәлелі.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен саласында қытай валютасымен есеп айырысу белсенді жүруде. Бұл үрдіс сыртқы сауданы диверсификациялауға мүмкіндік бергенімен, көрші елдің экономикалық ықпалын күшейте түседі.

Болашаққа болжам қандай

Қаржыгерлер қауымдастығының пайымдауынша, жақын арада Қытайдан келетін импорт сауданың басты драйвері болып қала береді. Мұнай бағасының жоғары болуы ($100-ден жоғары) экспорттық кірісті көтеріп, сауда тапшылығын уақытша жабуы мүмкін, бірақ бұл сауданың құрылымын өзгертпейді.

Қазақстан әлі де шикізатқа бағытталған экспорт пен дайын өнім импорты арасындағы теңсіздікті еңсеруі тиіс. Бұл мәселені шешу үшін тек шикізат қана емес, қосылған құны жоғары дайын өнімдерді экспортқа шығаруды дамыту кезек күттірмейтін міндет болып қала бермек.

Айта кетейік Қытай мен Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестері болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз