Головкин басқаратын World Boxing ұйымына Ресей мен Беларусь қосылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
World Boxing, Россия, бокс, Казахстан, Узбекистан, Геннадий Головкин
фото: instagram

Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық федерациясы өз қатарына тоғыз жаңа ұлттық федерацияны қосты. Олардың қатарында Ресей мен Беларусь те бар. Осылайша, ұйымға мүше елдердің саны 168-ге жетті.

Бейтарап мәртебе және қатаң тексеріс

Ресейлік және беларусьтік боксшылар жарыстарға AIN (жеке бейтарап спортшы) мәртебесімен қатысады. Бұл дегеніміз:

  • Мемлекеттік ту мен әнұран қолданылмайды.
  • Спортшылардың әскери немесе полиция құрылымдарымен (ЦСКА, Динамо т.б.) байланысы болмауы тиіс.
  • Украинадағы соғысты қолдамағаны туралы арнайы тексерістен өтеді.

Бұл талаптар Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 2026 жылы Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қолданған ережелеріне негізделген.

Қазақстан мен Өзбекстанға жаңа бәсекелес

Соңғы уақытта World Boxing аясындағы турнирлерде негізгі бәсеке Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өтіп келді. Мысалы, 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Қазақстан жалпы есепте топ жарған еді.

Енді ресейлік боксшылардың келуі шаршы алаңдағы бәсекені арттырмақ. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда әлемдегі ең мықты үш мектеп Қазақстан, Өзбекстан және Ресей. Ресейліктердің бейтарап мәртебемен болса да қатысуы турнирлердің деңгейін Олимпиадалық сапаға жақындата түседі.

World Boxing: Олимпиада үшін күрес

Еске сала кетейік, World Boxing ұйымы 2023 жылы боксты Олимпиада бағдарламасында сақтап қалу үшін құрылған болатын. Умар Кремлев басқаратын, ХОК-пен текетіресте жүрген IBA федерациясына басты балама болып отыр.

Геннадий Головкиннің 2025 жылдың қарашасында Римде өткен конгресте президент болып сайлануы ұйымның беделін арттырып, ХОК-пен байланысты нығайтты. Ресей мен Беларусьті қабылдау туралы шешім де ХОК ұсынымдарына сәйкес қабылданып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз