Экономика

Миллионер Байсейітовке тиесілі банк таза табысын төрттен бір есе арттырған

БЦК таза пайдасын арттырды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Банк ЦентрКредит» былтыр 240,2 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен (194,5 млрд теңге) салыстырғанда 23,5%-ға артық. Қазақстан қор биржасында банктің қаржы есебі жарияланған.

Банктің қаржылық жағдайының өсуіне негізгі қызмет түрлерінен түскен табыстар септігін тигізді.

Есепті кезеңде таза пайыздық табыс 316,6 млрд теңгеге жетсе, комиссиялық қызметтен түскен таза пайда 45,9 млрд теңгені құраған.

Банктің жиынтық активтері 6,5 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде едәуір өсім көрсетті. Активтердің басым бөлігін, атап айтқанда 53,7%-ын клиенттерге берілген несиелер құрайды.

2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша, банк экономикаға 3,5 трлн теңгеден астам несие берген. Оның ішінде ипотекалық қарыздар мен бизнеске арналған жобалардың үлесі жоғары.

Банк былтыр Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелеріне 2 млрд теңгеден аса сыйақы төлеген. Бұл алдыңғы жылдағы 1,4 млрд теңгеден 600 млрд теңгеге артық.

Қаржы есепте банктің ірі акционерлері туралы мәліметтер де көрсетілген. Банктің дауыс беретін акцияларының 51,76%-ы Бақытбек Байсейітовке, ал 11,92%-ы Владислав Лиге тиесілі. Қалған акциялар өзге заңды және жеке тұлғалар арасында бөлінген. Ол Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің арасында 16-орында тұр. 2025 жылғы мәлімет бойынша оның байлығы 580 млн долларға жеткен.

Сонымен қатар, есепте банктің капиталын нығайту және еншілес ұйымдарын дамыту шаралары айтылған. Мәселен, 2026 жылдың ақпанында «BCC Leasing» компаниясының жарғылық капиталы 7 миллиард теңгеге ұлғайтылды.

Бұған дейін банк дивиденд төлемейтінін мәлімдеген. Қаржы ұйымы 1991 жылдан бері дивиденд төлеген емес.