Сағатына – 350 км: Алатау қаласынан Алматыға әуе таксиімен 10 минутта жетуге болады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қос қала арасында әуе таксиі қатынайды / Фото: kursiv.mediа, бильд редактор Серікжан Қобланбаев

Алматы мен Алатау қаласының арасында сағатына 350 км жылдамдықпен аэротакси ұшады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ол Алатау қаласын дамытудың негізгі бағытының бірі ретінде «төменгі биіктік экономикасын» іске асыру жоспарын таныстырды.

Бұл бағыт 120 метрден жоғары биіктікте әуе таксиі мен жүк дрондарын сынақтан өткізуді және тұрақты пайдалануды көздейді. Қазіргі уақытта мұндай жобалар тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында ғана іске асырылып жатыр.

Жобаны дамыту мақсатында Қазақстан үкіметі осы саланың көшбасшы америкалық «Joby» және қытайлық «AutoFlight» компанияларымен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойған.

Жоспар бойынша Алатау, Қонаев қалалары мен Алматының бірнеше нүктесін, соның ішінде әуежай мен таулы демалыс орындарын байланыстыратын квадропорттар желісі салынбақ.

Сағатына 300–350 шақырым жылдамдықпен ұшатын әуе көліктері аталған бағыттар арасындағы жол уақытын 10–15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бірнеше тоннаға дейінгі жүкті әуе арқылы тасымалдау технологиясын енгізу қарастырылып жатыр.

Аппараттың техникалық мүмкіндігі сағатына 200 шақырым жылдамдықпен 250 шақырым қашықтыққа ұшуға жетеді.

Сынақ кезеңінде ұшулар жолаушыларсыз орындалады. Үкіметтің есебінше, бұл инфрақұрылымдық шешім өңірге келетін туристер ағынын жылына 8 миллион адамға дейін арттыруға септігін тигізбек.

Биыл «Alatau Advance Air Group» компаниясы «AutoFlight» өндірушісінен тік ұшып-қонатын электрлі eVTOL аппаратын сатып алып, алғашқы сынақ ұшуларын бастайды. Компания Caspian Integrity арқылы кәсіпкер, бұрынғы сенатор Юрий Цхайға тиесілі. Ол – Alatau City идеясын ұсынушылардың және инвесторлардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыз