Жаңалықтар

Жеке құпия: Банктер ерлі-зайыптының банк шоттары туралы ақпарат беруге міндетті емес

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Конституциялық Сот банктер ерлі-зайыптылардың келісімінсіз олардың есеп шоты туралы мәлімет беруге міндетті емес екенін растады. Соттың бұл шешімі ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуінің банктегі ақшасын білгісі келген әйелдің шағымынан соң шықты.

Банктер «банк құпиясы» режимін алға тартып, ақпарат беруден бас тартқан. Әйел «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы Конституцияға қайшы келеді деп есептейді. Өйткені заң бойынша банк мәліметін тек шот иесінің өзіне немесе оның жазбаша келісімімен ғана үшінші адамға береді. Алайда Сот банктің әрекетін заңды деп тапты.

Жеке құпия отбасылық мәртебеден жоғары

Соттың түсіндіруінше, банк салымдарының құпиясы – әрбір адамның жеке конституциялық құқығы. Бұл құқық адамның үйленгеніне немесе ажырасқанына қарамастан өзгеріссіз қалады.

Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарының тең болуы олардың бірі екіншісінің жеке кеңістігіне, дербестігі мен құпия мәліметтеріне рұқсатсыз араласа алады дегенді білдірмейді.

Банк есепшотында қанша ақша жатқанын қайдан білуге болады

Қолданыстағы заңнама Конституцияға толық сай деп танылған. Дегенмен, ақпарат мүлдем жабық деген сөз емес.

Егер ортақ мүлікті бөлуге қатысты дау туындаса, ақпаратты жеке адам емес, тек сот қана ресми сұрау салу арқылы алдырта алады.

Бұл тәртіп бір жағынан адамның жеке құпиясын қорғаса, екінші жағынан сот арқылы әділдік орнатуға мүмкіндік береді.