Жаңалықтар

Отшашу орнына оқ жауған Иранда Наурыз мерекесі қалай тойланады

фото: ВВС

3000 жылдық тарихы бар Наурыз Шығыс халықтары мен Орталық Азия елдері үшін басты мерекелердің бірі. Парсы елдері, күрдтер, армяндар, әзербайжандар, тәжіктер мен өзбектер, қазақ халқы да бірнеше күн тойлайды. Иран халқы үшін де бұл мереке көктемнің, жаңа жылдың бастауы. Бірақ осы жылы ирандықтар Наурызды отшашумен емес көктен түскен әуе бомбасымен қарсы алмақ. Назарларыңызға Ирандағы Наурыз туралы ВВС материалын ұсынамыз.

Соңғы рет 1980 жылдары ирандықтар Наурызды соғыс жағдайында қарсы алған. Ол кезде Иракпен сегіз жылға созылған соғыс болған. Енді араға 46 жыл салып Наурызды тағы да қақтығыстың ортасында қарсы алмақ.

«Жаңа жыл басталғанда теледидардан мереке туралы хабарландыруға зымыран мен дрондардың шуы араласа ма деген қорқынышым бар», – дейді 50 жастағы Мина.

Ол Тегеранның солтүстік-шығысындағы таулы өлке Дамавандта тұрады. Осы мереке мүлде басқаша деп көзіне жас алады.

«Әдетте біз мерекеге дайындалып, үй жинап, жаңа киім, тәттілер алатын едік. Бұл жылы әрбір күн тым ұзақ. Кейде уақыттан жаңылысып қалған сияқтымын», – дейді Мина

Тегеран көшелері
Тегеранның сұрқай көшелері / фото: ВВС

Тегераннан Дамавандқа отбасымен көшкен Минаның ұлы Әмір де осындай пікірде.

«Соғыстың кесірінен адамдар жұмысынан айырылып жатыр. Мен, әсіресе, еліміздегі инфрақұрылымның қирап жатқанына алаңдаймын. Бұл түрімен Ираннан түк қалмайды. Бұл біздің соңғы Наурыз мерекеміз болғанын қаламаймын», – деді ол ВВС тілшісіне.

Әдетте Наурыз қарсаңында Ирандағы базарлар мен дүкендерге адам толып, қызу сауда жүретін. Бірақ биыл жылдағыдай қарбалас жоқ.

«Бұрын Наурыз үшін керектің барлығын табу оңай еді. Енді қазір қайда барсаң да бомбаның астында қалмаймыз ба деген қорқыныш бар», – дейді Тегеранның 20 жастағы тұрғыны Пармис.

Бірақ соған қарамастан ол сұлулық салонына барып, тырнағын боятпақшы. Таңғаларлығы соғысқа қарамастан кейбір салондар жұмысын әдеттегі режимде жалғастырып жатыр.

«Меніңше сұлулық салондар соғыс болып жатқанына қарамайтын тәрізді. Бір рет салонда отырып, қатты жарылыс болғанын естідім. Ешкім кірпік қаққан жоқ», – дейді ол.

Иран базарлары
Тегеран базары / фото: ВВС
Тегеран базары / фото: ВВС

Билікте Ислам Республикасы тұрғанда Наурыздың қандай мәні бар?

Дегенмен елде тіпті мереке болса да, соғыстың жалғаса бергенін қалайтын тұрғындар да бар.

«Наурыздың қандай мәні бар? Егер Ислам Республикасы билікте болса, онда бітпейтін тыйым-шектеуде өмір сүреміз. Наурыз болған, бола береді де. Бұл жолы Ислам Республикасы кетуі керек», – дейді Тегеранның отыз жастағы тұрғыны Рамтин.

Оның жерлесі Киан да бұл пікірмен келіседі. Тіпті үйінде анасы «шатыр қирап төбеме түссе де көнемін, әйтеуір, аятолла билігі жоғалса болды» дейді екен.

«Мен де сол пікірдемін. Қирандының астында қалсақ та, Ислам Республикасы кетуі керек. Наурызда шаруам жоқ», – дейді ол.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль бірлесіп, Иранға қарсы әуе соққысын бастады. Сол уақыттан бері Иранда 3100 адам қаза тапқан.