Инвестиция

Қазатомөнеркәсіптің 2025 жылғы таза пайдасы 29%-ға азайды

фото: gemini generated

Әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 2025 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасы 29%-ға төмендеп, 807 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.

Компанияның шоғырландырылған түсімі есепті кезеңде 1%-ға азайып, 1,803 триллион теңге болды. Сонымен қатар, 2025 жылы Қазақстанда уран өндірісі 11%-ға артып, 25 839 тоннаға жеткен. 2026 жылы бұл көрсеткішті 27 500 – 29 000 тонна деңгейіне дейін жеткізу жоспарлануда.

Әдетте «Қазатомөнеркәсіп» табиғи уранды ядролық отынға айналдырудың аралық өнімі болып табылатын уран тотығы концентратын ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде саудалайды. Ал спот нарығында тек өнімнің азғантай бөлігі ғана сатылады.

Қазақстанның өз атом станциялары жоқ және ядролық цикл өнімдерін тұтынбайды. Соған қарамастан, елдің кен орындарындағы уран қоры әлемдік резервтің шамамен 15%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Австралияға ғана жол береді.

2019 жылы акцияларын Лондон қор биржасында (LSE) орналастырған «Қазатомөнеркәсіп» ел аумағында уран өндіруді дербес және бірлескен кәсіпорындар аясында жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда компания акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорына тиесілі.

Астана уақыты бойыша 15:47-те KASE қор нарығында Қазатомөнеркәсіп (KZAP) акция бағасы – 36 081 теңгені құрады. Акция бағасы соңғы 3 айда (+38,26) пайызға өсті.