
Бүгін Түркістан облысы Отырар ауданы орталығы Шәуілдірде көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғыртылды. Оны жергілікті азамат Абылайхан Қалназаровтың өтінішімен ақмолалық айтулы палуан Арман Сүлеймен көтерді.
Тастың салмағы 150 келіден аса. Ол тас аудан орталығында Наурыз мейрамы кезінде көпшілік алдында рәсімі мен шартына сай көтеріліп, тұғырға орнатылды.
Аталмыш іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының 3-күні Отырарға сапар кезінде ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Арман Сүлейменді ауданға экспедиция жетекшісі – «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров ертіп әкелді.
Абылайхан Қалназаров өз сөзінде:
Ареке, бұрынғы кездері ауыл-аймаққа әйгілі балуан келсе, зиялы кісілер одан Балуан тас көтеруді өтінеді екен. Бұл рәсімді соңғы рет Отырар ауданында 15 жыл тұрған Қажымұқан атамыз жергілікті милиция бастығы Мырзахмет Сүлейменов үйінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары көтеріпті. Одан беріде 1952 жылы қытай тарапта Дәлелхан палуан көтерді деп естиміз. Ал қазіргі Қазақстан шекарасында кәдімгідей Балуан тас атын атай, Қажымұқаннан кейін рәсім мен шартты сақтап көтерген ешкім жоқ. Сізге осы Шәуілдірліктер атынан өтініш айтайын. Өзара сыйластығымыздың нышаны және күш-қуатыңыздың белгісі болсын! Мына тасты тұғырға орнатып беріңіз, – деп өтініш жасады.
Бұдан әрмен Арман палуан көрсетілген тасты көтеріп, тұғырына қондырды. Осы сәттен бастап ол тас «Балуан тас» мәртебесіне өтті.
Бір қуаныштысы, осы тамаша жиында Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров ақсақал Арман палуанға бата беріп, астына ат мінгізді.
Мамырайхан ақсақал:
«Ауылымызға күнде мұндай алып келе бермейді. «Атам қазақта «Балуан келсе, құт» деген. Басшылар түсінбесе де тап мұны мен түсінемін. Арман ат емес, көлік мінгізуге лайық», – деді.
Арман Сүлеймен Самбо күресінен спорт шебері, Дзюдо күресінен спорт шебері
- 17 дүркін Әлем чемпионы,
- 17 дүркін әлем кубок чемпионы,
- 5 дүркін Азия чемпионы,
- 18 дүркін әлем рекордшысы.
Айта кетейік, қазақ даласында, дәлірек айтқанда оңтүстік өлкеде Қажымұқаннан кейін дәл осындай жойқын тас көтерген кісілер болмады. Осылайша, араға сексен жылдан аса (86 жыл) жыл салып, ұмыт бола бастаған рәсім 2026 жылдың 20 наурызында Қажымұқаннан кейінгі тоқтаған жері – Шәуілдірде қайта жаңғырды. Яғни бұл істің символдық та мәні зор.
Бұл орайда Қажымұқанның көтерген тасының салмағы куәгерлердің сөзіне қарағанда формасы жағынан сандық тәріздес және салмағы 30-40 пұт шамасы болған. Өкінішке қарай ол тас 1969 жылғы аудан аумағында болған су тасқыны кезінде басқа да балуантастармен бірге жоғалған.
Қажымұқанның Шәуілдірде балуан тас көтеруі
Ілгеріде Шаян өңірінің партия комитетінде қызмет атқарған Мырзахмет Сүлейменов деген бір азамат болыпты. Сол кісі 1940 жылдары Шәуілдірде тұрған шақтарында әйгілі алып Қажымұқанмен қатты араласып жүреді. Оның үйінің алдында сандықтай ғана көрінгенімен, орнынан қозғау қиын, аса ауыр бір арыстан тас болады екен. Ауылдың он шақты жігіті жабылып көрсе де, әлгі тасты қозғалта алмайды.
Бір күні ойда-жоқта Қажымұқан сол үйге келе қалады. Мырзахмет балуанның мінезін білсе де, қалжыңдап, оның намысын қамшылайтын сөз айтып:
– Құдай маған осы тасты алып тастайтын Рүстемдей бір дәуді бермеді?! – дейді.
Ым астарын түсінген Қажымұқан оған көзінің қиығымен қарап:– Рүстем ауылыңда жүргенде неден састың? – деп бұл да оған әзілге басып, Мырзахмет пен жанындағы көрермен топқа қарата бір күліп алады.
Содан соң әлгі тасқа жақындай түседі де, еш қиналмастан жерден жұлып алып, сәл шайқай, бірнеше қадам жерге лақтырып жібереді. Досы бұған тіптен, шад-шадыман болып, мәртебе көріп, бұл ерлікті ел-жұртқа жаяды. Болжам бойынша, ол тастың салмағы 30-40 пұттың айналасы болған.
Бірақ бұл Қажыекеңнің шау шартқан, қария кезі болғандықтан, біраз ауырсынып жүреді.
Өзі де кейін сұрағандарға:
– Әй, сол жолы белім бір шаншып қалып, екі-үш күн ауырып жүргенімді қайтесің! – депті.
Сол тарихи тас Отырардың бір тұсында әлі жатса керек.
Бұл оқиға Қажымұқанның жетпіске келген шағындағы қайраты мен ел ішіндегі сөзге келгенде де ұста әрі әзілшіл болмысын көрсететін ерекше бір дерек болып қалды.