Жаңалықтар

«Қиялдауға уақыт жоқ»: Қазіргі депутаттар Құрылтай құрамына кіргісі келе ме?

мәжіліс депутаттары
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Милош Муратовский

Парламент тарағаннан кейін мәжіліс депутаттарының қандай жоспары бар? Жаңа құрылтайдың құрамына кіргісі келе ме? Kursiv Media тілшілері қос палатаның отырысына келген депутаттарға осы сұрақты қойып көрді

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтуынша, әлі нақты шешім қабылдамаған.

«Мәселе барғысы келеді дегенде емес, мәселе халық мені қай жақтан көріп отырғанында», – деген екіұшты жауап берді.

Ол 2023 жылы өзін бірмандатты округтен мәжіліс депутаттығына ұсынған еді. Бірақ жаңа партия қатарына кіруді жоспарлап жүрген тәрізді.

«Amanat партиясымен тікелей жұмыс істеп жатырмын. Ол мәселені (партия қатарына өту – ред.) жазда шешемін. Әлі нақты айта алмаймын», – деді ол тілшілердің партия құрамына өттіңіз бе деген сұрағына.

Бақытжан Базарбек мінберден заңсыз жер учаскелерін иемдену, ақылы автотұрақтар сияқты тақырыптарды көтерген. Rams Beyond Almaty компаниясының Алматыда 40 қабатты кешен салуына қарсы болып, құрылысты тоқтатуға тырысқан.

фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Amanat партиясына кіргісі келетін тағы бір депутат – Абзал Құспан. Бірақ партияның өзі депутатқа ұсыныс бермеген тәрізді.

«Басымдық Amanat-та, себебі парламенттегі үлесі де көп. Практикалық жағынан осылай. Әлі ұсыныс түскен жоқ», – деді депутат тілшілер сұрағына.

Ол үш жыл бұрын Батыс Қазақстан облысынан кандидатурасын ұсынып, депутаттыққа өткен. Мәжілісте қыз алып қашқандарды қылмыстық жауапқа тартуға атсалысқандардың бірі болды. Оның бастамасымен жеке детективтер туралы да заң қабылданды.

Ал екінші әйелді заңдастырып, одан туған балаларға заңды құқық беру туралы ұсынысы көпшілік арасында дау туғызып, қызу талқыланды.

«Қиялдауға уақыт жоқ»

Әріптестері жоспарын ашық айтып жатқанда депутат Асхат Аймағамбетов ол сұрақты жақтырмады.

«Қазір бізде комитет қоржынында 20 заң жобасы бар. Сол жаңа заң жобаларымен жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан ондай қиялдарға уақыт жоқ. Алдымызда тұрған мәселені шешуіміз керек», – деді экс-министр.

Бұрынғы білім министрі ретінде Аймағамбетов мұғалімдердің құқығы, оларға қосымша тапсырма беру, еңбекке тарту тәрізді мәселелерді жиі көтерді. Мектептер мен балабақшаларды тексеру, сапасын жақсарту деген тақырыпты да айтып жүрді.

Оның бастамасымен мұғалімдердің құқығын қорғайтын жаңа заң жобасы да әзірленді.

Еске салайық, осы жылы шілдеде қазіргі Парламент жұмысы тоқтайды. Ал бірінші қыркүйектен бастап Құрылтай жұмысын бастауы керек. Сол аралықта елде Парламент сайлауы өтеді.