
Актер Асқар Жұмабек қыз балаға қол көтермек болды деген айыптан кейін өзі ұстанымын білдірді. Ол жанжал болғанын растады, бірақ жағдайды өз тарапынан түсіндіріп берді.
«Жанжал шынымен болды, мен шынымен ұрыстым. Біреу бетіме қарап тұрып тіл тигізсе, мен үндемей қала алмаймын – мінезім сондай. Ақтау немесе кінәлау – өз еріктеріңіз. Мен де адаммын, ол бойжеткенге қатысты ешқандай жаман ойым немесе зұлым ниетім жоқ. Бәрін Алланың қалауына қалдырдым», – деді актер.
Айта кетейік, осыған дейін Айнұр Нарзиева (nai_ainura) есімді модель Threads әлеуметтік желісінде актердің физикалық күш көрсетпек болғаны туралы мәлімдеме жасады.
Айнұрдың айтуынша, 20 наурызда таңғы уақытта болған. Сол күні сағат 10:00-ге түсірілім жоспарланған. Актер бұған дейін бірнеше рет жұмысқа кешігіп немесе мүлдем келмей, түсірілімді үзіп келгендіктен, өзі Айнұрдан таңертең оятуды өтінген.
Сағат 08:30-дан бастап Айнұр актерге қоңырау шалып оятуға тырысқан. 09:18-де қайта хабарласып, оның ұйықтап қалмағанына көз жеткізген. Сағат 09:55-те Асқар Жұмабек түсірілім алаңына келіп, Айнұрға «тым ерте ояттың» деп агрессивті түрде наразылық білдіре бастаған.