
Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Қазақстанда ең ірі алтын компаниясының бірін сатып алмақ. Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған. Бұл туралы Forbes.kz басылымы компанияға сілтеме жасай отырып хабарлады.
Бұл мәміле бойынша холдинг тек бас компанияны емес, оның барлық еншілес кәсіпорындарын да өз бақылауына алады.
Қазіргі уақытта компанияның 9 акционері бар, олардың ішіндегі ең ірісі – нидерландылық Gouden Reserves B.V. (66,39%). Жаңа қожайын барлық акционерлердің үлесін түгел сатып алмақ.
Жаңа инвестордың жоспары қандай
Шахмұрат Мүтәліптің өкілдері мәмілені холдингтің ұзақ мерзімді стратегиялық қадамы деп атады. Олар компанияның жұмыс тұрақтылығын сақтап, басқару жүйесін жалғастыруға және өндіріс аймақтарындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға уәде беріп отыр. Сатушы тарап та келісімге оң баға беріп, активтің болашақта дами түсетініне сенім білдірген.
Шахмұрат Мүтәліп деген кім?
Шахмұрат Мүтәліп – «Integra Construction KZ» құрылыс фирмасының иесі. Ол өзінің жаңа холдингін (Central Asia Resources Holding Ltd.) 2026 жылдың қаңтарында Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркеген.
Компанияның негізгі мақсаты – Орталық Азияның шикізат және өнеркәсіп салаларына ұзақ мерзімді инвестиция салу. «Алтыналмастан» бөлек, кәсіпкердің «Қазмырыш» (70%) пен ERG (40%) компанияларының үлестерін сатып алуға ниеті бар екені айтылып жүр.
«Алтыналмас» – Қазақстандағы алтын өндіру бойынша үздік үштік қатарына кіретін алпауыт кәсіпорын.
Оның кен орындары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания 1993 жылы құрылған және бүгінде геологиялық барлаудан бастап, дайын Доре қорытпасын шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, оның негізгі акционерлері – еліміздегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Владимир Жұманбаев.