Ұшақта толғағы келген әйелді жолаушы дәрігер босандырып алды

Астанадан Оралға ұшып бара жатқан ұшақ бортында жүкті әйелдің толғағы басталған. Дәрігер оған медициналық көмек көрсетті.
Ол – Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының дәрігері Таубай Байжекенов еді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Кеше Астана–Орал рейсінде ерекше жағдайға тап болдым. Ұшу кезінде жүктіліктің 27-аптасындағы әйелде мерзімінен бұрын босану басталды. Суы кетіп, жедел түрде медициналық алғашқы көмек көрсетуге тура келді», – деп жазды дәрігер.
Оның айтуынша, мұндай сәттерде дәрігер үшін сабыр сақтап, бар білім мен тәжірибені дұрыс қолдану аса маңызды.
«Нәтижесінде ұл бала дүниеге келді. Барлығы сәтті аяқталды. Осындай сәттер менің мамандығымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін тағы да еске салады», – деп жазды дәрігер Threads желісіндегі парақшасында.
Айта кететін жайт, отандық әуе компанияларының ұшақтарында интернет орнату жұмыстары басталды.