21 наурыз – Ынтымақ күні

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күн Наурыз мейрамының онкүндігі (Наурызнама) аясында ел бірлігі мен татулығын дәріптейтін ерекше күн.
Мерекенің басты мақсаты – халықтың ауызбіршілігін нығайту, «бірлік бар жерде — тірлік бар» деген ұғымды жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Осы күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, араздықтарды ұмытып, жақсы тілектер айтады. Еліміздің барлық өңірлерінде этносаралық татулықты паш ететін фестивальдер, көрмелер мен концерттер өтеді.
Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері бір дастарқан басында жиналып, ұлттық тағамдардан дәм татады.
Түркі әлемі халықтарының көрме-жәрмеңкесі ашылады
Ынтымақтастық күніне орай, 21 наурыздан бастап Алматы қаласы әкімдігінің және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен Абай алаңында Түркі әлемі халықтарының ауқымды көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Қала тұрғындары мен қонақтары Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген қолөнершілердің бірегей туындыларымен таныса алады.
Көрме-жәрмеңкеде қонақтардың назарына Түркияның атақты керамикасы, Әзірбайжанның қолдан тоқылған кілемдері мен витражды кескіндемесі, Өзбекстанның Риштаннан шыққан көгілдір керамикасы, Тәжікстанның кестеленген бұйымдары, Қырғызстанның киіз шырдақтары, сондай-ақ, Қазақстанның текеметі, басқұры, құрақ, қыш бұйымдары, зергерлік өнері және тағы басқа көптеген бұйым ұсынылады.
Ескерте кетейік, мереке күндері Алматы мен Астанада түрлі іс-шаралар өтіп, көлік қозғалысы шектеледі.