Меруерт Түсіпбаева Майра Ілиясовамен арадағы кикілжіңнен кейін кешірім сұрады

Жарияланды
Меруерт Түсіпбаева
фото: ашық дереккөзден

Әнші Меруерт Түсіпбаева Айнұр Асанбердінің Youtube-каналдағы подкасына сұхбат берді. Ол жерде әнші танымал әнші, продюсер Майра Ілиясовамен неге араласпай кеткенін айтты. Сондай-ақ, халықтан жинаған ақшаның киесі «ұрғанын» жеткізді.  

Түсіпбаева мен Ілиясова карантин жылдары істі болған «Шабыт» университетінің Әліби Өтепберген есімді студентіне көмектеспек болып, халықтан ақша жинаған. Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы ақтөбелік жас жігіт балалар лагерінде жетекшілік еткен. Сол жерде Әліби ұл балаларға жыныс мүшесін көрсетіп, бейәдеп қылықтар жасаған-мыс. Осы іс бойынша ұзақ тергеу жүріп, соңында Өтепберген ҚР қылмыстық кодексінің 124 бабының 3-ші тармағы бойынша айыпты деп танылған еді. 

Осы істің басы-қасында жүріп, жігіттің кінәсіз екенін дәлелдемек болғандардың ішінде Меруерт Түсіпбаева да болыпты. Айтуынша, оған «Шабыттың» студенттері хабарласып, іске араласуын сұраған. Өзі де ұстаздық ететіндіктен үнсіз қалуға дәті бармаған.

«Майра Ілиясова әпкеме хабарласып, хат дайындадық. Пандемия кезінде маска тағып алып, сол хатқа қол жинап тіпті Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты ылғи танымал адамдарға қол қойғыздық, петиция жинадық. Біраз қоғамдық жұмысқа белсене қатыстық», – дейді ол.

Өмірінде көрмеген қазақтың бір қара домалақ баласының ісінен кейін Түсіпбаева мен Ілиясованың арасында кикілжің басталған. Адвокаттарға ақша керек болып, қаражат жиналған. Қалалық және облыстық соттардан Әліби жеңілген соң, ақша жинауға шешім қабылданып, мықты мамандар іздеген. Адвокат жалдау сынды жұмыстармен Майра апай шұғылданған.

«Қатты өкініп қалдым»

«Сол жылдары Әлібиге қатысты көп бағдарлама түсірілді. Іс резонанс тудырған еді. Содан Astana арнасы осы іс жайлы бағдарлама түсірді. Бір рет қана көрсетіліп, артынша видеоны Youtube-тан де алып тастады. Сол бағдарламада Майра апай, Әлібидің әкесі, студенттер қатысты. Айыпталушының бір адвокаты сол бағдарламада бірнеше рет Әлібидің атын «Әлішер» деп қателесе берді. Ақша төленген адвокат болса, мұнысы қалай деп мен ғана емес, бәрі дерлік ойлады. Бұл ойым әділетті деп ойлаймын. Содан осы іске қатысқаныма қатты өкіндім. Нәтиже шығара алмағаныма өкіндім. Өзім эмоцияның адамымын. Сол бағдарламадан шыққан соң Қазмедианың аялдамасында отырып, 1 сағат жыладым. Еңбегім ақталмағанын сезіндім», – деп еске алды сол кезді әнші. 

Кейін Түсіпбаева халықтан жиналған ақшаның есебін беру керек деп шешіп, Майра Ілиясоваға хабарласады. Бірақ ол бастамасына Ілиясова келіспеген. Кейін Әлібиді біреулер ұрып кеткенде де туыстары хабарласып, адвокат қайда екенін Меруерттен сұраған. Сол нәрсе тағы да триггер болып, әнші ақыры желіге ашық жазып, Ілиясованы белгілеп, есеп беруге шақырады.

«Халықтан жиналған бір тиынның өзіне есеп беру керегін сол кезде ұғыппын. Ол жазғаныма Майра апай кері хабарласып, «сені сотқа беремін» деді. Сонымен осылай дауға ұласты. Әйтпесе мен – оның, ол менің үйіме қонып, жақын араласқан адамбыз», – дейді әнші.

Түсіпбаева істі болған Өтепбергенді іздеп, Ақтауға түрмеге барған. Өмірінде көрмеген Әлібиге қолдау білдіріп, барынша рухын көтеруге тырысқан.

«Басу айттым. 21 келі тамақ апаруға болады екен, апарым бердім. Позитивті сөйлестім. 9 жыл өтеді де кетеді. Рақымшылық деген бар дедім. Содан түрмеден шығып, қонақүйге кіреберісте талып қалдым. Өте ауыр болды. Істі аяғына дейін жеткізе алмағаныма Әлібидің алдында өзімді кінәлі санадым», – дейді Түсіпбаева.

«Түбіне дейін бардым»

Меруерттің айтуынша, Майра Ілиясова өзі білмей, адвокаттарға ұрынып қалған сыңайлы.

«Ол кісі – басқа заманның адамы. Адвокаттарға бәлкім алданған болар. Келісімшартты инстаграмға салайық деп те айттым. Қадалған жер қан алмай қоймаймын ғой. Ол жерде кетіп тұрған менің ғана хақым болса, қайыры деп қоя салар ем. Бұл жерде қаншама адамның ақысы бар. Түбіне дейін бардым. Содан Майра апай екеуіміздің арамыз быт-шыт болды. Ол кісі де қоймады. Бірде тойға бардық. Екеуімізді де шақырған екен. Мен кіріп келген кезде мені көріп, той иесіне қатты зекіп ұрсып жатыр екен. Өзімді сол кезде ыңғайсыз сезініп, тойда артық адам деп сезіндім. Көп әріптесім алакөзбен қарайтын болды. Сезімтал адаммын, бәрін сездім. Толқын Сейдоллақызы деген құрбым бар. Сол маған басу айтып, «Адамның емес, Алланың көзі түзу болсын» деді», – деп сол кездерді еске алып, көзіне жас алды әнші. 

«Халықтың ақшасының киесі мені де, басқаларын да ұрды. Әлі де ұрады деп ойлаймын. Енді қалған өмірімде ақша жинамауға өзіме уәде бердім. Майра апаймен сөйлеспедім, сөйлесе алмадым. Негізі ол кісі – жұмсақ адам. Принципке тұрып алдым. Қоя салуым керек пе еді. Жасы келген адам болғасын алданып не немқұрайлы қараған болуы мүмкін. Мен нәтиже бермейтін істі қолға алмайтын адаммын. Нәтиже көргім келді. Осы подкаст арқылы Майра әпкемнен кешірім сұрағым келеді» – деді Түсіпбаева. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Аманжол мен Ринаттың орнына Танакөз отыруы керек деп мәлімдеме жасағаны туралы жазған едік.   

Сондай-ақ оқыңыз