Жаңалықтар

Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы жаңа орден пайда болады

Қожа Ахмет Ясауи ордені
фото: Ақорда

Мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы орден пайда болады. Тоқаев жақында осындай Жарлыққа қол қоятынын айтты.

«Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс», – деді ол.

Президент тарихи тұлғаны жұртшылыққа барынша танымал ету қажет деп атап өтті.

«Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек. Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе, ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек», – деді мемлекет басшысы.

Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет, фильмдер түсіру керек деген тапсырма да берді.

Президент қазір Түркістанда жұмыс сапарымен жүр. Ол екі айдан кейін Түркістанда Түркі мемлекеттерінің президенттері жиналатынын айтты. Үкімет пен әкімдікке сол шараны мінсіз ұйымдастыру керек деген тапсырма берді.