Жаңалықтар

Қор нарығы: Алтын арзандап, мұнай қымбаттаған апта

фото: gemini generated

Kursiv Media аптаны қорытындылады. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы текетірес енді халықаралық қаржы нарығына тікелей әсер ете бастады. Егер бұған дейін сарапшылар тек болжам жасап келсе, қазір Дональд Трамптың қатал саясаты мен Иранға бағытталған «қаһары» Орталық банктерді жоспарларын шұғыл өзгертуге мәжбүрледі.

Орталық банктер: Ақша арзандамайды

Дүниежүзіндегі ең ірі банктер инвесторларға жағымсыз жаңалық жеткізді:
АҚШ (ФРЖ): 2026 жылы несие пайызы төмендейді деп күтпеңіздер. Ал, Еуропа мен Англия: Мөлшерлемені төмендетпек түгілі, оны қайта көтеруді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – әлемде несиелер мен инвестициялық ақшаның құны әлі де жоғары болып қала береді.

Нарықтағы жағдай: Технология мен соғыс арпалысы

Аптаның басы жақсы басталған еді. Nvidia компаниясы әлемдегі ең мықты жаңа чипін таныстырып, болашақта триллиондаған доллар табыс табатынын айтты. Акциялар бағасы бірден өсе бастады.
Бірақ сейсенбіде Ирандағы жоғары лауазымды тұлғаның қазасы мен Израильдің Ирандағы газ кен орнына жасаған соққысы бәрін астын-үстін етті. S&P 500 индексі құлдырап, инвесторлар енді АҚШ-тың Иранға қарсы құрлықтағы әскери операция бастау мүмкіндігін талқылап жатыр.

Мұнай мен Алтын: Көрсеткіштер не дейді?

Мұнай: Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 110 долларға жақындады. Егер Ормуз бұғазы (әлемдік мұнайдың негізгі жолы) жабылып қалса, баға 150 долларға дейін ұшуы мүмкін. Қазір бәрі Трамптың келесі қадамын күтіп отыр.
Алтын: Қызық жағдай – соғыс қаупі кезінде әдетте алтын қымбаттаушы еді, бірақ бұл жолы ол 8%-ға арзандады. Себебі: акциялар нарығы құлап жатқанда, ірі компанияларға шұғыл түрде қолма-қол ақша керек болды. Сондықтан олар қолдарындағы алтынды жаппай сата бастады.

Валюта нарығы: Теңгенің сенімділігі

Ұлттық валюта аптаны бір доллар үшін 483 теңгеден бастап, жұма күні 480 теңгеге дейін нығайды. Аптаның соңғы екі күні USD/KZT сауда саттығы 500-600 млн доллардың көлемінде саудаланды. Бұл алдағы 5 күнде нарық жұмыс істемей, демалысқа және мерекелік күндерге түсуіне байланасты ірі көлем саудасы тіркелді.

Қазақстан нарығы

Мұнай-газ және энергетика секторлары: Бұл сектор аптаның абсолютті көшбасшысы болды. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі (Brent +7,74%, $109,31-ге дейін) аясында «ҚазМұнайГаз» акциялары +11,73% -ға өсіп, жаңа рекордқа жетті. Сондай-ақ, «KazTransOil» (+2,50%) және «KEGOC» (+0,22%) де өсім көрсетті.

Банк және технология секторлары: Бұл секторлар қысымға ұшырады. Барлық негізгі банктер мен технологиялық компаниялар акциялары төмендеді: Kaspi.kz (-0,69%), Halyk Bank (-1,55%), «Банк ЦентрКредит» (-2,38%), сондай-ақ телекоммуникациялық оператор «Kcell» (-1,86%).

Авиация және тау-кен өнеркәсібі: Бұл секторлардағы ірі компаниялар ең көп құлдырауды көрсетті. «Air Astana» акциялары -9,24% -ға төмендесе, ең үлкен құлдырауды әлемдік алтын бағасының (-7,87%) төмендеуі фонында пессимистік көңіл-күй байқалған «Kazatomprom» (-9,61%) көрсетті.