Жаңалықтар

Құқықтық медиа орталығы арнайы мәлімдеме жасады

сөз бостандығы
фото: ашық дереккөзден

Құқықтық медиа орталығы арнайы мәлімдеме жасады. Ұйым журналистерге «бұрын-соңды болмаған қысым» жасалып жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Мәлімедемесінде, соңғы уақытта тілшілерді ұстау, оларға қысым көрсету жиі тіркеліп жатқанын атап өтеді. Әсіресе, журналист Әсет Матаевтың ісін арандату деп бағалаған.

«ҚазТАГ бас редакторы Әсет Матаевтың ұсталуына қатысты жағдай үлкен алаңдаушылық туғызады. Адвокаттың айтуынша, оны топ болып соққыға жыққан. Алайда полиция бұл жағдайды тұрмыстық жанжал ретінде бағалап, нақты ақпарат бермей отыр. Соңғы уақытта медиа жетекшілеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерді ескерсек, бұл жағдай арандату және БАҚ-қа қысым көрсету әрекеті болуы мүмкін», – деп жазылған ұйым хабарламасында.

Референдум қарсаңында және референдум өтіп жатқан күні ұсталған тілшілерді атап өтіп, оны «қоғамдық пікірталасты жоюға бағытталған әрекет» дейді.

«Болып жатқан жағдайлар мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз бостандығын қамтамасыз ету, ақпарат тарату құқығын қорғау және жаңа Конституция қабылдау арқылы заңнаманы демократияландыру қажеттігі туралы мәлімдемелері аясында ерекше алаңдатарлық сипатқа ие. Біз бұл жағдайды өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялайтын Қазақстан үшін жол берілмейтін құбылыс деп санаймыз және жағдайды жан-жақты тексеріп, журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырамыз», – дейді Құқықтық медиа орталығы

Айта кетейік, Референдум күні «Азаттық радиосының» журналисі Жолдас Өрісбай, Informburo тілшісі Әйгерім Ескендір және Сәния Тойкен ұсталып, полицияға жеткізілген. Бірақ оларға еш айып тағылмай, ұстау себебі айтылмай, үш сағаттан кейін босатылды.
«Уральская неделя» және «Наша газета» редакциялары, сондай-ақ «Азаттық» журналисі Мақпал Мұқанқызы да референдум алдындағы сауалнамалар үшін айыппұлға тартылған.

Ал Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова әлі де үйқамақта отыр. Оны «жалған ақпарат таратты» деп айыптаған еді.