
Түркістанға жұмыс сапарымен барған Тоқаев қақтығыс болып жатқан Таяу Шығыс елдеріне арнайы үндеу жариялады.
«Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді», – деді президент.
Тоқаев барлық тарапты қақтығысты тоқтатып, келіссөздер бастауға шақырды.
«Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады», – деді мемлекет басшысы облыс халқымен кездесуінде.
АҚШ, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы бері Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайды жиі бақылап отырды.
Соғыстың алғашқы күндері ол Иранның БАӘ, Әзербайжан сияқты көрші елдерге шабуылын айыптады.
Бірақ Тегеранның да тарапына шығып, Иран президентінің мәлімдемесін құптады.