22 наурыз күні Алматыда қайда баруға болады

Жарияланды 22 Наурыз 2026 09:52

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматыда Наурыз мейрамына орай тағы бір көше жабылады / Фото: Shutterstock

22 наурыз күні Алматы мерекелік атмосфераның орталығына айналады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай қалада ауқымды концерттер, театрландырылған қойылымдар мен түрлі шоу-бағдарламалар ұйымдастырылады. Төменде ең қызықты орындар мен уақыттарды назарларыңызға ұсынамыз.

Абай алаңы

Мерекенің негізгі орталығы – Абай алаңы (Республика сарайы алдындағы алаң). Мұнда думан түс ауа қыза түседі:

12:00 – дәстүрлі театр қойылымдары

14:00 – «Алматы әуендері» концерттік бағдарламасы

18:25 – гала-концерт, эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі

Кешкі концертте танымал өнер иелері – Әли Оқапов, Ұлытау тобы және аты аңызға айналған Дос-Мұқасан ансамблі сахнаға шығып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Панфилов пен Арбат – көңілді серуен аймағы

Қаланың мерекелік рухын толық сезінгіңіз келсе, Панфилов көшесі мен Жібек жолы көшесі(Арбат) бойына барыңыз.

Мұнда сізді:

• робот-диджейлердің ерекше перформансы

• сиқыршылар шоуы

• отты фаер-шоу

• қуыршақ театры

• арқан үстіндегі акробаттар өнері күтеді

Сонымен қатар, кітап сүйер қауым үшін «KitapFEST» фестивалі ұйымдастырылып, мәдени демалысқа тамаша мүмкіндік жасалады.

Астана алаңы – үздіксіз мереке

Астана алаңы (ескі алаң) да Наурыз күні ерекше қарбаласқа толы болады. Таңғы 11:00-ден кешкі 22:00-ге дейін мұнда үзіліссіз концерттер мен қойылымдар өтеді. Алматының әр ауданы өз өнерпаздарын таныстырып, кеш соңында «Жұлдызды Алматы» атты үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз