
22 наурыз күні Алматы мерекелік атмосфераның орталығына айналады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай қалада ауқымды концерттер, театрландырылған қойылымдар мен түрлі шоу-бағдарламалар ұйымдастырылады. Төменде ең қызықты орындар мен уақыттарды назарларыңызға ұсынамыз.
Абай алаңы
Мерекенің негізгі орталығы – Абай алаңы (Республика сарайы алдындағы алаң). Мұнда думан түс ауа қыза түседі:
• 12:00 – дәстүрлі театр қойылымдары
• 14:00 – «Алматы әуендері» концерттік бағдарламасы
• 18:25 – гала-концерт, эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі
Кешкі концертте танымал өнер иелері – Әли Оқапов, Ұлытау тобы және аты аңызға айналған Дос-Мұқасан ансамблі сахнаға шығып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Панфилов пен Арбат – көңілді серуен аймағы
Қаланың мерекелік рухын толық сезінгіңіз келсе, Панфилов көшесі мен Жібек жолы көшесі(Арбат) бойына барыңыз.
Мұнда сізді:
• робот-диджейлердің ерекше перформансы
• сиқыршылар шоуы
• отты фаер-шоу
• қуыршақ театры
• арқан үстіндегі акробаттар өнері күтеді
Сонымен қатар, кітап сүйер қауым үшін «KitapFEST» фестивалі ұйымдастырылып, мәдени демалысқа тамаша мүмкіндік жасалады.
Астана алаңы – үздіксіз мереке
Астана алаңы (ескі алаң) да Наурыз күні ерекше қарбаласқа толы болады. Таңғы 11:00-ден кешкі 22:00-ге дейін мұнда үзіліссіз концерттер мен қойылымдар өтеді. Алматының әр ауданы өз өнерпаздарын таныстырып, кеш соңында «Жұлдызды Алматы» атты үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.