
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, Халық әртісі Роза Рымбаева өнерімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де көпке үлгі. Өмірлік жары, белгілі музыкант Тасқын Оқапов (1948—1999) дүниеден өткен соң, әнші тағдырдың тағы бір ауыр сынағымен бетпе-бет келді. Алайда ол қиындыққа мойымай, өз балаларымен бірге марқұм жолдасының бауырынан қалған екі қызды Әлия мен Мәншүкті бауырына басты. Бұл туралы әнші «Көреміз» бағдарламасында айтты.
Жүрек қалауымен қабылданған шешім
Жұбайының қазасынан екі жыл өткен соң, қыздардың ата-анасы қайтыс болып, олар тұл жетім қалады. Сол сәтте Роза Қуанышқызы еш ойланбастан батыл шешім қабылдады.
«Осы жағдайдан кейін бірден шешім қабылдадым: бұл екі қыз менімен бірге тұрады, өзімнің қамқорлығыма аламын деп шештім. Екі ұлым не ішеді, не киеді қыздар да соны көрсін, бәріміз бірге бір отбасы боламыз деп екі қызды қолыма алдым», – дейді әнші өткенді еске алып.
Роза Рымбаева үшін олардың орны бөлек. Әнші қыздарының өзіне деген ерекше құрметіне ризашылығын білдіріп, бұл қадамы үшін ешқашан өкінбейтінін айтады.
«Мен бақыттымын. Қыздардың маған деген құрметі жоғары, олар мені анасының орнына көреді. Екіншіден, әруақтар риза шығар деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды халық әртісі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Роза Рымбаеваның атақты «Наурыз Думан» әнінің шығуына америкалық әнші Уитни Хьюстонның қалай әсер еткенін жазған едік.