Lifestyle

Нью-Йорк қазақша сөйледі: атақты Times Square алаңында Наурыз тойланды

коллаж: kursiv.media

Әлемнің нүктесі саналатын Нью-Йорктің қақ ортасында, әйгілі Times Square алаңында Наурыз мейрамы дүбірлеп өтті. АҚШ-тағы қазақ диаспорасы ұйымдастырған шарада ұлттық аспаптың үні асқақтап, қазақы дәстүрлер дәріптелді.

Домбыра үні мен «Әлқисса» студиясы

Мерекелік бағдарламаның көркін «Әлқисса» домбыра студиясының өнерпаздары ашты. Орталық алаңда жиналған мыңдаған туристер мен жергілікті тұрғындар қазақ күйіне тәнті болды. Студияның шәкірттері, студенттер мен ақсақалдар бірге бас қосып, алыс шетелде жүрсе де, ұлттық код пен тамырдан ажырамағанын көрсетті.

«Иммиграция көп нәрсені өзгерте алады, бірақ ол бізді өшіре алмайды. Біз – қазақпыз. Қай жерде болсақ та, өз үйімізді өзімізбен бірге алып жүреміз», – деп жазды ұйымдастырушылар.

https://kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/03/shkola-aelqissa-@alkissa.dombyrastudio-spasibo-za-masshtab-i-atmosferu.-1.mp4

Таймс-сквердегі тұсаукесер

Биылғы мерекенің ең әсерлі сәті Нью-Йорк төрінде өткен тұсаукесер рәсімі болды. Қазіргі таңда Америкада жүк көлігін (трак) айдап жүрген танымал журналист Ербол Молдажан мен оның отбасы қызының тұсауын кесті.

Мұхиттың арғы жағында, қалың қазақтың ортасында өткен бұл рәсім жиналғандарды ерекше толқытты.

«Ғажап мереке болды! Қалың қазақ жиналғанда қызымыздың тұсауын кесу біздің отбасы үшін зор қуаныш. Баршаңызға рақмет!» деп жазды Ербол Молдажан желіде.

Нью-Йорк сияқты әркім өз жұмысымен асығып жүретін мегаполисте қазақстандықтар бір сәт кідіріп, өздерінің кім екенін еске алды. Шараға қатысушылардың айтуынша, бұл кеш мыңдаған шақырым алыста жүрген қандастардың бірлігі мен сағынышын басатын рухани кездесу болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осы Нью-Йорктегі Таймск скверде әнші Сәкен Майғазиетің бейнесі де экрандарда жарқ еткен еді.