АҚШ-Иран қақтығысы: Шиеленістің төртінші аптасына шолу

Жарияланды
фото: gemini generated

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт беріп, талап орындалмаған жағдайда елдің электр станцияларын «жойып жіберетінін» айтып сес көрсетті. Бұған жауап ретінде Тегеран бұғазды кеме қатынасы үшін толық жауып тастайтынын мәлімдеді. Ал Иран тұрғындары соғыстың ушығуы жарық пен судың тапшылығына әкеп соғады ма деп қауіптенуде.

Өткен демалыс күндері Таяу Шығыста орын алған негізгі оқиғаларды Kursiv Media қорытындылады.

Трамптың ультиматумы және Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) жауабы

Сенбі күні кешке АҚШ Президенті Дональд Трамп егер Тегеран 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын ашпаса, Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасалатынын мәлімдеді.

«Егер Иран осы сәттен бастап 48 сағат ішінде қоқан-лоқыдан бас тартып, Ормуз бұғазын толық ашпаса, АҚШ соққы беріп, олардың ең ірі станциясынан бастап барлық электр желілерін жойып жібереді!» – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.

Бұл хабарлама Гринвич уақытымен 21 наурыз күні сағат 23:44-те жарияланды. Демек, Иранға берілген уақыт дүйсенбі, 23 наурыз сағат 23:44-те (Тегеран уақытымен 24 наурыз, 3:14-те) аяқталады.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы мен әскери қолбасшылығы егер АҚШ энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасаса, Ормуз бұғазын мүлдем жауып тастайтынын ескертті. Иран мемлекеттік телеарнасы таратқан мәлімдемеде бұғаз «қираған станциялар қалпына келтірілмейінше ашылмайтыны» айтылған. Сонымен қатар, Тегеран Израильдің IT-инфраструктурасы мен аймақтағы америкалық базалар орналасқан елдердің электр станцияларына соққы беруі мүмкін екенін жасырмады.

Қазіргі уақытта бұғаз арқылы өтетін кемелер саны соғысқа дейінгі деңгейден 5%-ға дейін азайған. Иран президенті Масуд Пезешкиан Трамптың мәлімдемесін «шарасыздықтың белгісі» деп атап, Иран халқының бірлігі нығая түсетінін жеткізді.

Иран халқының үрейі: «Электрсіз өмір қорқынышты түске айналады»

BBC арнасына сұхбат берген Тегеран тұрғындары АҚШ президентінің энергетика нысандарын нысанаға алуы жағдайды ушықтырып жіберді деп есептейді. Тұрғындар соғыс салдарынан интернеттің шектелуімен қатар, банк жүйесінің құлауынан және ауыз судың жоқтығынан қорқады.

«Су, жарық және газ беру тоқтаса, Иран күйрейді», – дейді 40 жастағы Тегеран тұрғыны. Тағы бір тұрғын өткен жылғы 12 күндік соғыс кезінде үш апта бойы сусыз қалғандарын, бұл жағдайдың соғыстан да ауыр тигенін еске алды.

Израильге жасалған зымыран соққылары

Демалыс күндері Иран Израильдің оңтүстігіндегі Арад пен Димона қалаларына зымыранмен соққы берді. Израильдік шұғыл қызметтердің мәліметінше, 160-тан астам адам жараланған, кейбірінің жағдайы ауыр.

Зымырандар Димонадағы ядролық нысанға жақын жерге түскен. Дегенмен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ядролық орталыққа зақым келмегенін және радиация деңгейі қалыпты екенін растады. Иран бұл шабуылды сенбі күні Натанздағы ядролық нысанына жасалған соққыға қайтарылған жауап деп атады.

Соғыс басталған үш апта ішінде Израильде зымыран соққыларынан 16 адам қаза тауып, 1500-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген.

ЦАХАЛ: «Иран зымырандары Еуропаға қауіп төндіруде»

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранның 4 000 шақырымға дейін жететін алыс қашықтықтағы зымырандары бүкіл Еуропаға қауіп екенін мәлімдеді. Мұндай мәлімдемеге Иранның Диего-Гарсия аралындағы АҚШ пен Ұлыбританияның бірлескен базасына қарай екі зымыран ұшыруы себеп болған.

«Ирандық террорлық режим – жаһандық қауіп. Енді олардың зымырандары Лондонға, Парижге немесе Берлинге дейін жете алады», – делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.

Лондонға жету үшін ирандық зымыран шамамен 4300 шақырымды еңсеруі тиіс. Әзірге Ұлыбритания үкіметі елге тікелей қауіп төніп тұрғаны туралы нақты дәлелдер жоқ екенін айтып, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Мұнай бағасы қымбаттауда

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы жаһандық энергетика нарығына тікелей әсер ете бастады. жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың бағасы 108,9 долларға дейін көтерілді. Еске сала кетейік, өткен бейсенбі күннің сауда қорытындысы бойынша Таяу Шығыстағы негізгі эталон Dubai Crude бағасы рекордты жаңартып, $166,80-ге жеттіGoldman Sachs сарапшыларының пікірінше, жеткізілімдегі іркілістер сақталса, Brent бағасы $120-дан асып түсуі әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз