Авто

Наурыздағы жеңілдіктер: қандай көліктерді тиімді бағамен сатып алуға болады

Hyundai мен Kia жеңілдіктер ұсынып жатыр / Shutterstock.com

2026 жылдың наурызы Қазақстанның автонарығында ерекше кезеңге айналды. Бір жағынан, жыл басынан бері жаңа көліктердің бағасы шамамен 3-4%-ға қымбаттады. Екінші жағынан, дәл осы уақытта дилерлер ескі партияларды өткізу және жаңа маусым алдында клиент тарту үшін ауқымды акциялар жариялап жатыр. Соның нәтижесінде нарықта ерекше жағдай қалыптасты: баға өсіп жатқанына қарамастан, көліктерді айтарлықтай жеңілдікпен сатып алуға болады.

Нарыққа серпін берген автодилерлер

Бұл көктемгі жеңілдіктердің негізгі қозғаушы күші – кореялық брендтер, әсіресе, Hyundai мен Kia. Қазіргі таңда ең үлкен жеңілдіктер мен ұсыныстар дәл осы компанияларға тиесілі.

Hyundai наурыз айында жеңілдіктер саясатын айтарлықтай күшейтті. Компания бірқатар танымал модельдерге бағаны төмендету арқылы назар аударып отыр. Мысалы, Elantra седанын шамамен 10 млн теңге деңгейінде, 1,5-2 млн теңгеге дейін үнемдей отырып сатып алуға болады. Sonata моделінде жеңілдік 2-3 млн теңгеге дейін жетеді. Ал кроссоверлер сегментінде ұсыныстар одан да тартымды: Tucson бағасы кей комплектацияларда шамамен 3 млн теңгеге арзандаса, Santa Fe моделі 2,5-3 млн теңгеге дейін жеңілдікпен ұсынылып жатыр.

Нақты дилерлік бағаларға қарасақ, айырмашылық айқын байқалады. Мысалы, Tucson Prime жинақтамасы бұрын шамамен 18-19 млн теңге тұрса, қазір 15-16 млн теңге аралығында ұсынылады. Ал Santa Fe бағасы 21 млн теңгеден шамамен 18 млн теңгеге дейін түскен. Яғни бұл жай ғана маркетингтік акция емес, нақты бағаның төмендеуін көрсетеді.

Сонымен қатар Hyundai тек жеңілдікпен шектелмей, қосымша құралдарды да пайдаланып отыр. Оның ішінде Trade-in бағдарламалары, төмен пайызды несиелер және арнайы бонустар бар. Осы факторлардың барлығы бірігіп, сатып алушыларға өткен жылмен салыстырғанда көлік сатып алуды тиімдірек ете түседі.  

Kia бренді де наурызда белсенді кампания жүргізіп жатыр

Мұнда тек қаржылық бағдарламалар ғана емес, нақты баға төмендеуі де байқалады. Көктемгі акция аясында бірнеше модельге бірден ірі жеңілдіктер берілген. Мысалы, Cerato седаны кей нұсқаларда 12,5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін арзандаған. Ал Seltos кроссовері шамамен 11 млн теңгеден басталады.

Ең үлкен жеңілдіктердің бірі Sportage моделіне тиесілі. Кей жинақтамаларды 4-4,5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен алуға болады. Мәселен, бұрын 17-19 млн теңге тұрған Prestige жинақтамасы қазір 15 млн шамасында. Бұған аталған кроссовердің шанағының өзгеріп, жаңа дизайнда шыға бастауы да әсер етіп отыр. Алайда дилер осы жаңа шыққан нұсқасына да үлкен жеңілдік белгілеген. Бағасы бұрын жинақтамасына қарай 16,4 млн-нан басталса, қазір 11-12 млн-нан басталады. Сонымен қатар бизнес-санатына жататын K5 және Sorento модельдері шамамен 4 млн теңгеге дейін арзандаса, флагмандық K8 көлігі бойынша жеңілдік 4-5 млн теңгеге дейін барады.

Kia-ның бұл стратегиясы түсінікті: дилерлер 2025 жылғы шығарылымдағы көліктерді тезірек өткізуге тырысып жатыр. Сондықтан жеңілдіктер көлемі үлкен, бірақ мұндай ұсыныстар шектеулі – ең тиімді нұсқалар тез сатылып кетуде. Алайда бұл сәл ертерек сатып алған көліктердің иелері мен қолданыстағы көліктер нарығына да әсер етуде. Бұрын қымбатқа сатып алғандар, қайта сатқан жағдайда 6-7 млн теңге ұтылады, ал қолданыстағы көліктер бағаларын түсіруде.

Қытай көліктеріне келсек

Мысалы, қытайлық Changan – көбіне тікелей жеңілдіктен гөрі төмен пайызды несиеге көңіл бөліп отыр. Кей бағдарламаларда мөлшерлеме 0,1%-дан басталады. Дегенмен ресми дилерлерде айтарлықтай баға төмендеуі байқалмайды, ал бейресми сатушыларда арзанырақ ұсыныстар кездесуі мүмкін. Бірақ мұндай жағдайда кепілдік пен қауіпсіздік мәселесіне мұқият қарау қажет.

Наурыз айында Geely бренді де арнайы мерекелік ұсыныстарымен көзге түсіп отыр. Дилерлер бірден бірнеше модельге жеңілдетілген бағалар ұсынып, көліктерді тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Geely Galaxy Preface седаны 11,8 млн теңгенің орнына 9,9 млн теңгеден басталатын бағамен ұсынылған. Ал заманауи кроссовер Geely Galaxy Cityray бұрынғы 10,9 млн теңгенің орнына 8,9 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар электрлі жаңа модельдердің бірі – Geely Galaxy EX5 бағасы 14,4 млн теңгеден 11,9 млн теңгеге дейін төмендеген. Бұл ұсыныстар Наурыз мерекесіне арнайы жарияланған және 31 наурызға дейін жарамды. Осылайша, Geely де көктемгі акциялар бәсекесінде белсенді қатысып, сатып алушыларға айтарлықтай үнем жасау мүмкіндігін ұсынып отыр.

Премиум брендтерге жеңілдіктер жоқ

Қазақстандықтардың «сүйкітісі» Toyota-сы мен премиум сегменттегі Lexus, Mercedes-Benz және BMW сияқты брендтерде наурыз айында айтарлықтай ірі жеңілдіктер байқалмайды. Бұл өндірушілер дәстүрлі түрде баға саясатын тұрақты ұстап, көбіне арнайы қаржылық бағдарламалармен ғана шектеледі. Сондықтан негізгі жеңілдіктер масс-маркет сегментіндегі брендтерге тиесілі болып отыр.

Қазір көлік сатып алу тиімді ме?

Жалпы алғанда, қазіргі жеңілдіктердің негізгі бөлігі кроссоверлер сегментіне тиесілі. SUV санатындағы көліктерге жеңілдіктер 10-15%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл Hyundai Tucson, Kia Sportage сияқты танымал модельдерге де, одан жоғары кластағы көліктерге де қатысты. Седандар да акцияға қатысып жатыр, бірақ олардың үлесі біртіндеп азайып келеді.

Наурыздағы мұндай белсенділіктің себебі айқын. Көктем – автонарықтағы ең қызу маусымның басталуы. Дилерлер жаңа кезеңге қоймадағы артық көліксіз кіргісі келеді. Сонымен қатар брендтер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді, әсіресе, қытайлық өндірушілердің ықпалы артқан сайын. Осындай жағдайда жеңілдіктер жай маркетинг емес, қажетті құралға айналып отыр.

Сатып алушы үшін бұл тиімді мүмкіндік. Бірақ бастысы ұсыныстарды мұқият талдау. Көп жағдайда үлкен жеңілдіктер белгілі бір шарттармен беріледі: несие рәсімдеу, Trade-in немесе шектеулі жинақтамаларға. Дегенмен, барлық шарттарды ескеріп, дұрыс таңдау жасасаңыз, 2026 жылдың наурызы Қазақстанда жаңа көлік сатып алуға қолайлы кезеңдердің бірі бола алады.

Айта кететіні, бұған дейін автосарапшылар 2030 жылға қарай BMW, Mercedes сияқты ірі автоконцерндердің күйреуін болжаған еді.