
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен достық және бауырластық байланыстарды дамытуға, өзара мүддеге сай көптеген бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін атап өтті.
«Президент халықаралық күн тәртібіндегі басты мәселелер жөнінде екі ел ұстанымдарының ұқсастығына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға, соның ішінде Иран тарапының Біріккен Араб Әмірліктері аумағын бомбалап жатқанына алаңдаушылық танытты. Мемлекет басшысы аталған елдің азаматтық инфрақұрылымына жасалған әскери шабуылды Қазақстан алғашқылардың бірі болып айыптағанын, бұл туралы БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлескен кезде мәлімдегенін еске салды», – делінген ақпаратта.
Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап мемлекеттерді шарпып жатқанына қарсы.
Осы орайда жағдайды ушықтырмай, аталған әскери қақтығысқа қатысы жоқ БАӘ мен Шығанақ елдерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын бұзбауға, сондай-ақ шиеленісті саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге шақырады. Президент еліміздің қажет болған жағдайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін растады.
«Елші Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанып, Әмірліктер мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне қатысушы барлық елдің егемендігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді», – деп хабарлады Ақорда.
Таяу Шығыстағы жағдай
2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады.
1 наурызда Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды.
5 наурызда Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлады. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.
Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды.
Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген.
6 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иран жеріне «кіріп, бәрін толық тазартуды» көздеп отырғанын айтты.
7 наурызда Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір-Саид Иравани Иранда АҚШ пен Израиль соққылары салдарынан кем дегенде 1 332 адам қаза тапқанын мәлімдеді.
14 наурызда елдің сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялауды аяқтады. Жалпы алғанда Қазақстанға 10 275 азамат қайтарылды. Азаматтарды эвакуациялау үшін әртүрлі бағыттар қолданылды. Алдымен оларды Қатар, Дубай және басқа елдерде жинап, автобуспен Оман мен Сауд Арабиясына жеткізген, содан кейін ұшақпен Қазақстанға әкеткен.
21 наурызда Түркістанға жұмыс сапарымен барған Тоқаев қақтығыс болып жатқан Таяу Шығыс елдеріне арнайы үндеу жариялады.
«Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді», – деді президент.
22 наурызда Қазақстан мен Иран президенттері бір-біріне құттықтау хат жолдады.