
Ақмола облысында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта жүк көлігі мен арнайы техника соқтығысып, бір адам жарақат алды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
Оқиға 2026 жылғы 24 наурызда сағат 10:30 шамасында республикалық маңызы бар КАЗ-02 автожолының 76-шақырымында болған. Алдын-ала мәлімет бойынша, Астана бағытына қарай келе жатқан «Вольво» жүк көлігі жол жөндеу жұмыстары кезінде «КАЖсервис» ЖШС-нің тиегішімен соқтығысқан.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, апатқа жүргізушінің қауіпсіз жылдамдық пен арақашықтықты сақтамауы себеп болған.
Салдарынан тиегіш жүргізушісі жарақат алып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, қысқы маусымда елде жол-құрылыс техникасының қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы тіркелген.