Жаңалықтар

Brent мұнайы қайта қымбаттай бастады

подорожание нефти
Мұнай бағасы барреліне 104 доллар / Фото: Shutterstock

24 наурыздағы сауда барысында Brent маркалы мұнай бағасы қайта өсе бастады. Бұл туралы Лондондағы ICE биржасының деректері көрсетеді.

Мамыр айына арналған Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 4,41 пайызға өсіп, барреліне 104,35 долларға жеткен. Қазір баға 101-104 доллар аралығында құбылып тұр.

Сонымен қатар мамыр айына арналған WTI маркалы мұнай фьючерстері де 4,31 пайызға қымбаттап, барреліне 91,93 долларды құрады.

Бұған дейін биржалық сауда барысында Brent мұнайының фьючерстері 14 пайызға күрт арзандап, барреліне 96 долларға дейін төмендеген болатын. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтон мен Тегеран арасындағы «нәтижелі келіссөздер» аясында Иранның энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы жасауды бес күнге тоқтату туралы мәлімдемесі себеп болды.

Ал Иран тарапы АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбегенін мәлімдеді. Олар Трамптың айтқан сөздерін энергия тасымалдаушылар бағасын төмендету және өз әскери жоспарларын жүзеге асыру үшін уақыт ұту әрекеті деп бағалады.