
Өскемен қаласында жасөспірімге көмекке келген патрульдік полиция қызметкеріне екі ер адам шабуыл жасаған. Ақпаратты Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты.
Оқиға 22 наурыз күні Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде болған. Патрульдік полиция қызметкеріне екі бейтаныс адамның агрессивті әрекеттеріне шағымданған жасөспірім жүгінген. Оқиға орнына келген полицейдің талаптарына мас күйдегі жас жігіттер бағынбай, оның өзіне тап берген.
Polites.news басылымының бейресми мәліметінше, полицейдің қызметтік қаруы тартып алынған. Сондай-ақ ол оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Оқиғадан кейін күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай екеуі де анықталып, ұсталды. Қару тәркіленді. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында.
Өскемен қалалық полиция басқармасы аталған факті бойынша, қызметтік міндетін атқару кезінде билік өкіліне күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.