Жаңалықтар

Алматыдағы жан түршігерлік апат: Zeekr көлігінің иесі туралы не белгілі

Көлікті тізгінінде кәсіпкер Алексаннд Пақ болған / Фото: kursiv.media

Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында орын алған, үш адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты жаңа деректер шығып жатыр. Журналист Михаил Козачковтың мәлімдеуінше, Zeekr автокөлігін басқарған 32 жастағы кәсіпкер, көлік тасымалы саласындағы екі ірі компанияның құрылтайшысы Александр Пак болып шықты.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, ал қоғам өкілдері мен марқұмдардың жақындары істің объективті қаралуын талап етіп жатыр.

Түнгі тасжолдағы ажал

Қайғылы оқиға 21 наурыз түнгі сағат 03:30 шамасында, Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Мәліметтерге қарағанда, Zeekr маркалы көліктің тізгінінде 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак болған. Ол жоғары жылдамдықпен келіп, қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes көлігіне соғылған.

Соққының қатты болғаны соншалық, Mercedes жүргізушісі мен ішіндегі екі жолаушы бойжеткен оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қаза тапқан жігіт небәрі 29 жаста, ал қасындағы қыздар 20 және 22 жастағы студенттер еді. Zeekr жүргізушісінің өзі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Күдікті туралы не белгілі?

Журналистік зерттеулерге сүйенсек, Александр Пак – көлік тасымалы саласында жұмыс істейтін екі компанияның («ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер») құрылтайшысы. Оның фирмалары бюджетке миллиондаған теңге салық төлеп келген.

Алайда, куәгерлер сол түні кәсіпкердің жол ережесін өрескел бұзып, басқа көлікпен көше жарысына түскенін айтады. Егер бұл ақпарат расталса, істің сипаты тіпті ауырлай түспек.

Заң алдындағы жауапкершілік

Қазір бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Заң бойынша, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жүргізуші 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қоғам белсенділері мен заңгерлер бұл істің аяқсыз қалмауын, кінәлі адамның ең жоғарғы жаза -10 жылға сотталуын талап етіп жатыр.

Жақындарының зары мен әділдік талабы

Қаза тапқандардың туыстары мен достары әлеуметтік желіде үндеу жариялап, халықтан қолдау сұрауда. Олар «ықпалды кәсіпкер жазадан құтылып кете ме» деп қауіптенеді.

«Бүгін біз жүздеген адамның ортасында тұрып, бауырымызды, құрбыларымызды соңғы сапарға шығарып салдық. Олардың әлі талай арманы бар еді. Біз тек әділдікті қалаймыз, кінәлі адам заң алдында жауап беруі тиіс», — дейді марқұмдардың жақындары.

Қазіргі уақытта Алматы қалалық Полиция департаменті сараптамалар тағайындап, апаттың нақты себептерін анықтап жатыр. Қоғам бұл істің тергелу барысын жіті бақылауда ұстап отыр.

Ақмола облысында жүк көлігі тиегішке соғылып, жүргізушы жарақат алған.