Алтын мен мұнай: Нарықтағы тербеліс инвесторларды алаңдатып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Алтын бағасы қымбаттады / Фото: shutterstock

Сәрсенбі күні әлемдік нарықта алтын бағасы өсім көрсетті. Бұған АҚШ долларының әлсіреуі мен мұнай құнының төмендеуі себеп болды. Reuters басылымының жазуынша, бағасының арзандауы жаһандық инфляциялық қысым мен пайыздық мөлшерлемелерге қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын біршама азайтты.

Сонымен қатар, АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтатуға қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер нарықтағы жағдайды тұрақсыз етіп отыр.

Алтынның споттық бағасы 1,84%-ға көтеріліп, бір трой унциясы үшін 4 556,1 долларды құрады.

OCBC сарапшысы Кристофер Вонгтың пікірінше, қысқа мерзімді болашақта алтын бағасы АҚШ Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясаты, доллар бағамы және геосаяси оқиғаларға тәуелді болып қала бермек.

Дегенмен, қазіргі бағаның көтерілуі нарықтағы құлдырау кезінде бұл активке деген қолдаудың жоғары екенін көрсетеді. Тек нақты кірістілік айтарлықтай өскен жағдайда ғана үрдіс өзгеруі мүмкін.

Геосаяси жағдай шиеленісіп тұр

Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату мақсатында АҚШ тарапы Иранға 15 тармақтан тұратын жоспар ұсынғаны туралы хабар тарады.

Осы жаңалықтар аясында сәрсенбі күні мұнай бағасы төмендеді. Бұған дейін мұнай құнының өсуі инфляцияны жеделдетіп, пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне әкеледі деген қауіп тудырған болатын.

Алтынмен қатар өзге де бағалы металдардың бағасында өсім байқалды. Палладий құны 1,55%-ға артып, 1 461,9 доллар болса, күміс 1,94%-ға қымбаттап, 72,61 долларға жетті. Платинаның бағасы да 1,36%-ға өсіп, бір унция үшін 1 960,95 долларды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз