
Хьюстон қаласында өткен CERAWeek халықаралық конференциясы аясында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен АҚШ Энергетика министрі Кристофер Райт екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздердің басты тақырыбы жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, жаңа экспорттық бағыттарды дамыту және инвестициялық байланыстарды күшейту болды.
32 жылдық серіктестік пен 60 млрд доллар инвестиция
Тараптар екі ел арасындағы мұнай-газ саласындағы 32 жылдық стратегиялық әріптестіктің маңызына тоқталды. Осы уақыт ішінде америкалық компаниялар Қазақстанның энергетика секторына 60 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.
«ExxonMobil» және «Chevron» корпорациялары еліміздегі ең ірі үш жоба: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының негізгі серіктестері. Бұл жобалар Қазақстан мұнайының шамамен 70%-ын өндіреді. Министр Ерлан Ақкенженов мемлекет аталған жобаларды ұзақ мерзімді дамыту үшін тұрақты жағдай жасауды жалғастыратынын жеткізді.
Мұнай экспортының қауіпсіздігі
Кездесуде мұнайды әлемдік нарыққа үздіксіз жеткізу мәселесі ерекше талқыланды. Қазіргі уақытта негізгі экспорттық бағыт – Каспий құбыр консорциумы (КҚК). Ол әлемдік мұнай ұсынысының 2%-ын тасымалдап отыр.
Екі елдің өкілдері бұл құбырдың санкцияларға ілікпеу мәртебесін сақтау бойынша атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Қазақстан тарапы шикізат транзитінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін барлық қатысушылармен ашық диалог жүргізуге дайын екенін растады.
Қазақстан мұнай экспорттайтын жолдарды көбейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта мынадай бағыттар талқыланды:
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты;
- Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры.
Жақын арада осы бағыттар арқылы тасымалданатын мұнай көлемін жылына 2,1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Министр Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін арттыру үшін америкалық инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Саланы дамыту үшін Қазақстан жаңа инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастыратын «Жақсартылған үлгілік келісімді» іске қосты. Бұл геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміз мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды көздеп отыр
Бұған дейін Қазақстан Каспий құбыры арқылы мұнай экспортын 14 пайызға арттыратынын мәлімдеген.