Lifestyle

Әбиба Әбужақынова сырғалым атанды: дзюдошы арудың жүрегін жаулаған кім

фото: instagram

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова жеке өміріндегі қуанышты жаңалығымен бөлісті. Татамиде қарсылас шақ келтірмейтін батыл қыз енді ресми түрде сырғалым атанды.

Күйеу жігіт кім?

Көптен бері жанкүйерлерін қызықтырып келген «Әбибаның таңдауы кімге түсті» деген сұрақтың жауабы да белгілі болды. Спортшы ару желіде алғаш рет сүйіктісінің суретін жариялады. Әбибаның жүрегін жаулаған азамат та спорт әлемінен алыс емес екен, ол белгілі дзюдошы Ермахан Әнуарбеков.

Екеуі желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп, «Нағыз чемпиондар отбасы» деген мақтауларға ие болып жатыр.

Спортты тастай ма?

Көптеген жанкүйерлер «Тұрмысқа шыққан соң Әбиба үлкен спорттан кете ме?» деп алаңдағаны жасырын емес. Алайда Әбиба күмәнді сейілтіп, өзінің басты мақсатын айқындап берді.

«Сырғалым атандым! Бірақ спорттан кеткен жоқпын. Алда – 2028 жылғы Жазғы Олимпиада! Мен әлі де күресемін!»,- деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әбиба үшін отбасылық өмір жаңа жеңістерге бастайтын үлкен қолдау болмақ. Спортшының нысанасы – 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары. Ол қазақ қыздары арасынан дзюдодан алғашқы Олимпиада жүлдесін алу жолындағы күресін жалғастыратынын тағы бір мәрте айтты.

Бұған дейін, Әбиба Әбужақынова жігітінің ұсыныс жасаған сәтін көрсеткен еді.