Әл-Фарабидегі жантүршігерлік көлік апатына полицейдің қатысы бар ма

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін іске полицияның қатысы айтыла бастады. Желіде тараған жазбаларға сүйенсек, Әл-Фараби даңғылының бойында заңсыз көлік жарысы ұйымдастырылып, оған құзырлы орган өкілдері де қатысқан болуы мүмкін. Осы жайлы Kursiv.Media полициядан сұрап көрді.
Алматы қалалық полиция департаменті оны тексеріп жатқанын хабарлады.
«Біз бұл деректерді тексеріп жатырмыз. Қазір тергеу басталды. Қылмыстық іс қозғалды. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта ол ауруханада күзетте жатыр. Ол міндетті түрде қамауға алынады», – деді ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оның сөзінше, мұндай тексерулерге біраз уақыт керек және бір-екі күн ішінде анықталмайды.
Еске салайық, 21 наурыз түнгі сағат 03:30 шамасында, Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апаты болды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Zeekr маркалы машинасы Mercedes көлігіне соғылды. Екінші көлікте отырған үш адам да сол жерде тіл тартпай кетті. Ал апатқа кінәлі делінген Zeekr жүргізушісі ауыр жарақат алып ауруханада жатыр.